Site icon KAZAKBOL

Түркіменстаннан 250-ден астам қазақ тарихи отанына оралды (видео)

Встреча прибывших из Туркменистана этнических казахов. Жанаозен, Мангиcтауская область, 13 мая 2021 года.

Түркіменстаннан 250-ден астам қазақ тарихи отанына оралды. Арнайы пойыз оларды Орталық Азиядағы жабық елден Маңғыстау облысына алып келді. Көбі бұл көшті ұзақ күтті. Түркіменстандағы тіркеуден шыққан олар әне-міне көшеміз деп отырғанда коронавирус тарап, шекара жабылып қалған еді.

Түркіменстаннан бір топ қазақ биыл ақпанда арнайы пойызбен отанына оралған. Араға үш ай салып екінші рейс келді.

Қадыр (есімі өзгертілді) әйелін күтіп алуға келген. Ол Түркіменстаннан құжат алуы тиіс, бірақ ол жаққа бара алмай жүр. Қазақстанда туыстарымен тұрып жатыр. Отбасымен Қазақстанға толық көшіп келгісі бар, бірақ көрші елден құжат алу керек. Қадыр бұл құжатты қалай аларын білмейді.

— Мұнда ұлым оқиды. Жақсы стипендия алады. Осында қалғысы келеді. Көп студенттер мұнда қалып қояды, артынан ата-аналары келеді. Қартайғанда балаларыңның жанында болмасаң не үшін өмір сүресің? – дейді ол.

Қадырдың айтуынша, Түркіменстаннан көшуге тағы бірнеше себеп бар.

— [Қазақстанда] өз ісіңді, бизнесіңді бастауға болады. Түркіменстанда енді-енді басталып келеді, бірақ барлығына бірдей рұқсат бермейді. Егер үй салсаң тексеріп, есеп алады, ананы қайдан алдың, мынаны қайдан алдың деп сұрайды. Мысалы, кондиционерді сұрайды. Түбіктегі бар ма дейді. Болмаса үкіметке өткізіп жібереді, — дейді ол.

Түркіменстаннан келген қазақтардың көбі Маңғыстау облысына орналаспақ. Оларды табуға Райхан Дәрібаева көмектесті. Ол біраз уақыт бұрын Қазақстанға келіп алған. 2009 жылдан бері шетелден көшіп келген қазақтардың құқығы үшін күресіп жүр, «Мұнайлы ауданының азаматтық бастамасы» қоғамдық ұйымын құрған. Шетелдегі туыстарын көшіріп алғысы келетін қазақстандықтар да оған қайырылып, кеңес алады.

Азаттық тілшісі ақпанда келген бір отбасымен кездесті. Олар әңгіменің диктофонға жазылуына қарсы болған. Сөздерінше, Қазақстанға көшер алдында Түркіменстанның арнайы қызметі шақырып, тергеген. «Ол жақта қалған туыстарымызға кесіріміз тиіп кете ме» деп қауіптенеді.

Елге келген кейбір қандастардың сөзінше, Түркіменстан халқы арнайы қызметтен қорқып, артық ештеңе айтпайды, VPN қолданудан қауіптенеді. Бұл елде WhatsApp мессенджеріне VPN арқылы ғана кіруге болады.

— Егер телефоныңнан VPN тауып алса, қашан орнаттың, қанша уақыт қолдандың деп сұрайды, — дейді қандас.

Қазақстан 1991 жылдан бастап шетелдегі қазақтарды елге әкеле бастаған. Содан бері елге бір миллионнан астам қазақ келген. Кейінгі уақытта елге келетін қазақтар азайған. Былтыр 12 мың қоныс аударған. Бұл – отыз жылдағы ең төменгі көрсеткіш. 90 жылдардың басында елге жылына 40 мыңдай қазақ оралатын. Көштің азаюына пандемиядан бөлек Шыңжаңдағы жағдай да әсер еткен. 2017 жылдан бері Қытай мұндағы қазақтар мен ұйғырларды лагерь және түрмеге қамап, елден шығармай отыр деген хабар тараған.

Источник

Exit mobile version