Бұдан былай тәжік кәсіпкерлерінің құжаты Біріңғай мемлекеттік салық төлеушілер тізіліміне енер кезде, лингвистикалық сараптамадан өтеді.
Осылай деп Тәжікстанның тіл және терминология жөніндегі комитеті төрағасы Олимджон Мухаммаджонзода мәлімдеді. Оның сөзінше, жергілікті кәсіпкерлер мемлекеттік тіл талаптарын өрескел бұзып келеді.
«Біз салық комитетіне кәсіпкерлердің құжатын лингвистикалық сараптамадан өткізу жөнінде ұсыныс білдірдік. Комитет біздің ұсынысты қабылдады», — деді Мухаммаджонзода.
Оның айтуынша, сауда үйі, дүкендер атауы мен жарнамаларда мемлекеттік тіл талаптары сақталмайды. Қателер өріп жүреді немесе тәжік тілінде жазылмайды.
Тәжікстанда «Мемлекеттік тіл жөніндегі» заң 2009 жылдың қазан айында қабылданған. Бұл заң азаматтарды тәжік тілін білуге міндеттейді. Онда іс қағаздары да тәжік тілінде жүргізілуі тиіс деген бап бар. Бұл бапты орындамағандарға айыппұл қарастырылған.