Гиссар қаласының әкімі, Тәжікстан ауыл шаруашылығы экс-министрі, 58 жастағы Косим Рохбар швейцариялық банкте есеп-шоты бар екенін растады. Ол бұл есеп-шот Австрияда емделіп жатқан кезде, шетелдік кәсіпкер арқылы ашылғанын жеткізді.
Косим Рохбар ондағы ақшаның дені өзіне тиесілі емес екенін айтады.
«Мен ол кезде емханада наркоздан кейін әлсіреп жатқам. Ол маған ағылшын және неміс тілдерінде құжаттар ұсынды. Мен әлсіреп жатып, құжаттарға қол қойдым. Төлқұжатымның көшірмесін де алды. Маған белгілі болғаны, емханаға кеткен шығынның бәрін сол есеп-шоттан төленген», дейді Косим Рохбар «СССР» басылымына берген сұқбатында.
Бірер күн бұрын OCCRP – Коррупция және ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы Косим Рохбардың (Косим Косимов) атынан Швейцарияның Credit Suisse банкінде есеп-шот ашылғанын жариялады. «Credit Suisse құпиялары» зерттеуінің авторлары тәжік шенеунігінің есеп-шотында 2004-2011 жылдар аралығында 8 млн 883 мың 230 швейцар франкі ($9.642.458) сақталған.
Косим Рахбар сұқбатта 1997 жылдың көктемінде болған теракт кезінде Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон екеуі жараланғанын, осыдан кейін Австрияға емдеуге барғанын айтады. Оның сөзінше, еуропалық емхана банк есеп-шотынсыз емделушілерді қабылдамаған. Сол кезде шетелдік кәсіпкер көмекке келген. Ол Соғды облысында инвестициямен айналысқан. Қазір бұл кәсіпкердің халықаралық іздеуде жүргенін айтады.
Косим Рохбар шетел банкінде өзінің есеп-шоты барын тек 2007 жылы білдім дейді. Оның сөзінше, шетелдік кәсіпкер өзін алдап кеткен.
OCCRP зерттеушілері швейцариялық банктегі есеп-шот тек Косим Рохбардың өзіне ғана тиесілі екенін, өзінің рұқсатынсыз ешкім банк операциясын жүргізе алмайтынын айтады.
Тәжік заңдарына сәйкес, мемлекеттік шенеуніктерге жеке кәсіпкерлікпен айналысуға, шетелде ақша сақтауға және жылжымайтын мүлік алуға тиым салынған.
OCСRP зерттеушілері Косим Рохбардың жеке мақта бизнесі бар екенін анықтаған. Зерттеу мақалада шенеунік Соғды облысының әкімі болып тұрғанда Фируза Алифова есімді жас әншіні екінші әйел ретінде алғанын, екеуінің зәулім сарайда бірге тұрып жатқан видеолары жарияланғанын да мәлімдейді.