Site icon KAZAKBOL

Тәжікстанда халықтың 6 пайызы вакцина салдырды (видео)

6 шілдеге дейін Тәжікстанның 316 мың азаматы (халықтың 6 пайызы) коронавирусқа қарсы вакцина салдырған.

Республикада вакцина жеткілікті. Тәжікстанға Үндістаннан AstraZeneca вакцинасы мен Қытайдан Coronavac вакцинасының 1 миллионнан астам дозасы жеткізілген.

Елде тұрғындар коронавирусқа қарсы вакцина салдыруға құлық таныта қоймаған, бірақ қазір вакцина салдырғысы келетіндер көбейгені байқалады.

Бірнеше күн бұрын қалалық емханаларда адам аз болса, енді вакцина салдыру үшін кезекте тұрғандардың көбейгенін көруге болады.

Душанбе тұрғыны Обиджон Саидзода коронавирусқа қарсы вакцина салдырған. Оның пікірінше, үкіметтің вакцина салуды міндеттеуі жағдайдың ушығып бара жатқанын білдіреді.

«Менің ойымша, адамдар вакцина салдыру керектігін түсіне бастады. Жақында мен вакцинаның екінші дозасын салдырдым», — дейді Обиджон Саидзода.

Емханалардағылардың жұмысы қауырт. Мекеме таңғы сағат жетіден кешкі тоғызға дейін ашық тұрады. Астанада халыққа вакцина салу жөнінжегі шұғыл топтар жұмыс істейді.

Дәрігер Рустам Курбонализоданың айтуынша, орталықта алты жұмыс тобы құрылған. Сонымен бірге жеті шұғыл әрекет ету тобы күнде аймақтарда, кәсіпорындар мен ұйымдарда адамдарға вакцина салып жүр.

Тәжікстанда адамдар медициналық маска тағып, арақашықтық сақтауы тиіс. Мұндай тәртіпті тұрғындар биыл қаңтарда президент Эмомали Рахмонның «коронавирусты жеңдік» деген мәлімдемесінен соң сақтамайтын болған. Енді шетелден келген әрбір азамат тексеруден өтіп, он күн бойы оқшау өмір сүруі тиіс.

Источник

Exit mobile version