Тәжікстанда ауа райы күрт суыған уақытта аймақ тұрғындары жарық сөніп қалып жатқанына жиі шағымданатын болды. Соғды және Хатбол облыстары тұрғындарының хабарлауынша, кейінгі үш күнде жергілікті электр желілерін басқарушылар түнде жарықты сөндіріп қоятын болған.
Рудаки ауданының Тұрдиев атындағы махалласы Душанбеден жеті шақырым жерде орналасқан. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, 20 қаңтардан бастап түнгі сағат 22 мен таңғы сағат 5 аралығында жарық сөніп тұратын болған. «Себебін ешкім түсіндірмейді. Ауданға хабарлассақ, олар түрлі сылтау айтады», — дейді ауыл тұрғыны Жұмабой Әбдірахмонов.
Тәжікстанда күз-қыс мезгілінде жарық жиі сөнетіні ешкімге таңсық емес. Алайда күн күрт суытқан уақытта электр қуатының болмауы халықты әбігерге салды. Өйткені отыны жоқтар үйді жылыту, тамақ пісіру үшін электр қуатын пайдаланады.
Жарық жиі сөніп қалатыны жөніндегі шағымдар Тәжікстанның барлық аймағынан түсіп жатыр. Халық әлеуметтік желілерде электр қуатын пайдалануға лимит енгізілгенін жазды.
«Барки тоик» энергетика холдингі 11 қаңтарда Тәжікстанның барлық аумағына электр қуаты үздіксіз жеткізіліп жатыр деп хабарлады. Шектеу былтыр қазан айында енгізілген. Сол кезде компания бұны мәжбүрлі шара деп түсіндірген. Алайда, тұрғындардың айтуынша, электр қуатын тәулік бойы беру бар болғаны он күнге созылған.
Тәжікстан президенті Эмомали халықты электр қуатымен қамтамасыз ету үкіметтің басты міндеттерінің бірі деп есептейді. Алайда елде бірнеше ГЭС салынғанына қарамастан, бұл мәселе әлі шешілген жоқ.