Ауғанстандағы «Талибан» билігі тәжік нөмірі бар жүк көліктерін «Шерхан Бандар» бақылау-өткізу бекетінен өткізбей қойды.
Тәліптердің ресми өкілінің мәлімдеуінше, шекара бекеті Душанбенің Ауғанстандағы жаңа билікпен келіспейтін ұстанымына байланысты жабылды.
Ауғанстаннан шыға алмай жүрген Дилшод есімді көлік жүргізугінің Озоди радиосына хабарлауынша, тәліптер 8 мамырдан бері тәжік жүргізушілерін елге жібермей тұр. 7 мамырда тәжік арнайы қызметі Ауғанстанның Тахор провинциясында «Талибан» мен «Ислам мемлекеті» күштерінің қақтығысы кезінде атылған «оқтар Тәжікстан аумағына ұшқанын» хабарлаған.
«Сол кезде біз жол қауіпсіздік үшін жабық деп ойладық. Бірақ олай болмай шықты: тәліптер бізге Тәжікстанға оралуға рұқсат берді, бірақ жүк көліктерін жібермеді. Бірнеше күннен соң 50 шақты жүргізуші Ауғанстанға қайта бардық. Енді тәліптер бізді де өткізбей қойды. Бір аптадан бері көлікте түнеп жүрміз», — дейді Дилшод.
«Төменгі Пяндж» — «Шерхан Бандар» арқылы Тәжікстаннан Ауғанстанға цемент пен көмір тасылады, қайтар жолда жүк көліктері қант пен ауыл шаруашылығы өнімдерін алып келеді. Жүргізушілер бұл жолды Ираннан Орталық Азия елдеріне жүк тасуға да пайдаланады.
Тәжікстанның кеден қызметі тәжік-ауған шекарасындағы «Төменгі Пяндж» бақылау-өткізу бекеті жабық тұрғанын әзірге ресми түрде хабарламады. Кеденнің бір қызметкері өткен аптаның соңында шекара бекеті «уақытша жабық» тұрғанын растаған.