29 маусымда таңертең Тәжікстанның оңтүстігіндегі Хатлон облысы Кубодиён ауданының орталық базары өртенді.
Тәжікстан милициясының хабарлауынша, өрт бейсенбі күні таңертең сағат 4:50-де басталған. Базардағы 655 шаршы метрде орналасқан сауда нүктелері мен қызмет көрсету орындары өртеніп кеткен. Мәліметтерге қарағанда, өртті сөндіруге үш сағат уақыт кеткен. Өрттің шығу себебі тексеріліп жатыр.
Саудагерлердің бірқатарының айтуынша, өрт таңертең ерте басталғандықтан базарда ешкім болмаған, сол себепті адамдар тауарларды құтқарып қала алмаған. Саудагерлердің бірі оның 20 мың доллардың тауары өртеніп кеткенін, олардың жартысы несиеге алынғанын айтты.
Тәжікстандағы базарларда жылда өрт шығады. Олардың дені өрт қауіпсіздігінің сақталмауынан болады.