Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің кезекті кітабы жарық көрді. Елдің мемлекеттік басылымдары жазғандай, бұл — «Жаңа биіктікке өрлеу» кітабының 11-томы.
Көптомдық кітап түркімен, ағылшын, орыс тілдерінде басылып шығып жатыр.
«Кітапта елде халықаралық және конституциялық ұстанымдарға сәйкес жүргізілген құқықтық реформаларға үлкен мән берілген»,- деп хабарлайды ТДХ мемлекеттік агенттігі.
«2017 жылдың маңызды оқиғаларының бірі — Гурбангулы Бердімұхамедов жеңіске жеткен президент сайлауы болды. Ол мемлекет басшысы қызметіне үшінші рет қайта сайланып отыр. Бұл — халықтың президент жүргізіп отырған саяси бағытын қолдауының айғағы», — деп атап өтеді ақпарат агенттігі.
Президент Гурбангулы Бердімұхамедов 2006 жылдың соңында билікке келгеннен бері 50-ден астам кітабы түркімен және шет тілдерінде жарық көрді. Бір 2017 жылы Бердімұхамедовтің әртүрлі тақырыпта бірнеше кітабы басылып шықты.