Site icon KAZAKBOL

Түркістанда емделушілері туберкулез жұқтырған мекеменің басшылары жұмыстан қуылды

Скриншот: ктк арнасы

Түркістандағы жаппай туберкулез жұқтырған психоневрологиялық емдеу мекемесінің басшылары түгел жұмыстан қуылды. Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау министрі мәлімдеді деп хабарлайды КТК арнасы.

Онсыз да ақыл-есі кем жандарға туберкулез бір науқастан жұғыпты. Ал мекеме қызметкерлері мұның алдын алмақ түгілі, қарапайым тазалықтың өзін сақтамаған.

«Бұл әлеуметтік-медициналық мекемеде эпидемиологиялық ережелер мүлдем сақталмаған. Сол үшін залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Және осы жәйтке байланысты басшыларын да жұмыстан шығардық», — дейді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов. 

Қаңтар айында пациенттерді жоспарға сай тексеру кезінде мекемеде өкпе құртын жұқтырған 7 емделуші анықталған. Жағдайды жоғарыға баяндап, Астана мен Шымкенттен келген арнайы комиссия 502 пациенттің 61-не аталмыш дерт жұққанын, ал оның жартысы ашық түрімен ауыратынын біліпті.

Тіпті, үшеуі осы аурудан көз жұмған. Қазір науқастардың барлығы арнайы мекемелерде ем қабылдауда. Ал, еліміздің бас санитары мен вице-министр бастаған мамандар мәселені майшаммен қарап жатыр.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін дәрігерлер Маржан Тұрлыбай жатқан Түркістандағы атышулы мекеменің былығын әшкерелегені туралы жазған болатынбыз.

Exit mobile version