Site icon KAZAKBOL

Тәжікстанда тауықты тірідей пісіретін асхана жабылды

Тәжікстанның Соғды облысына қарасты Бабоджон Гафуров ауданындағы «Мурги ором» асханасы жабылды. Әлеуметтік желі қолданушылары тірі тауықты ыстық суға салып қайнатқанын видеоға түсіріп алған.

Бұл асхана дәмді тауық етімен көпшілікке танымал болған. Бірақ әлеуметтік желілерде тауық етінің қандай әдіспен пісірілгені туралы видео тараған соң, желі қолданушылары бұл орынды сынға алды. Асхана аспаздары әуелі тірі тауықты қазанға қайнатып алып, содан кейін барып қауырсынын тазартқан.

Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау орталығының бас дәрігері Фуркат Шариповтың айтуынша, желіде видеоролик тарай салысымен мамандар асхананы тексеруге кіріскен. Орталық мамандары асхананың тазалық ережелерін бұзғанын анықтаған.

«Мурги ором» жұмысы тоқтатылды. Асхана басшысының үстінен хаттама толтырылып, аудандық прокуратураға жолданды.

Шариповтың айтуынша, бұл мекеме өткен жылы желтоқсанда тексеріліп, сол кезде басшысына 1 мың сомони (110 доллар) айыппұл салынған.

centralasian.org

Exit mobile version