Душанбе-Даңғара тас жолында шетелдік велотуристерге шабуыл жасады деген айыппен өмір бойы бас бостандығынан айырылған Хусейн Абдусамадов терактіге қалай дайындалғанын айтып берді.
Құқық қорғау органдары таратқан видеосюжетте Хусейн Абдусамадов шабуылды қалай жасағанын айтып берген. «Біз басында Душанбе-Майхура жолына шықтық, бірақ ол жақтан ешқандай туристерді байқамадық. Сосын Душанбе-Турсунзада жолына шықтық. Онда да ешкім болмады. Кейін Душанбе-Куляб жолында шетелдік велотуристерді кезіктірдік. Олар жетеу болды. Біз бірінші оларды басып өттік. Сосын көліктен шығып, пышақпен шабуыл жасадық. Содан кейін қашып кеттік», — деді Хусейн Абдусамадов.
Ол біраз уақыт Сирияда және Иранда болғанын мойындаған. «Біз «Ислам мемлекеті» тобына ант бердік. Біз Түркияға оралған кезде Тәжікстандағы Исламның қайта жаңғыруы партиясының лидері Кори Носирмен кездестік. Екі ұйым арасында Тәжікстанда теракті жасау туралы келісім болды. Тәжікстанның халықаралық қауымдастық алдында беделін түсіру үшін, шетелдік туристерге шабуыл жасау керек болды», — деді содыр басшысы.
Биыл 29 шілдеде Тәжікстанда шетелдік велотуристерге көлікпен шабуыл жасалды. Көліктен шығып, оларға пышақ сұққан. Терактіден төрт саяхатшы қаза тауып, екеуі ауыр жараланған.
Шабуыл жасаған бес адамның ішінде Хусейн Абдусамадов тірі қалған. Төртеуі арнайы операция кезінде залалсыздандырылған.