Ташкентте SOLA брендті Wi-Fi операторы ресми түрде іске қосылды. Жобаны Asia Wireless Group компаниясы жүзеге асырған деп хабарлайды жергілікті БАҚ.
«Ташкент — Орталық Азияда желісіз интернетке қосылуға болатын бірінші қала», — деп жазылған баспасөз хабарламасында.
Қазір Өзбекстан астанасында 1200 нүктеден Wi-Fi интернетке қосылуға болады. Болашақта 5000 нүктеге дейін жеткізу қолға алынған.
«SOLA жүйесінің тегін және ақылы түрлері қарастырылған. Алдымен жарнамалық роликті көрсеңіз, интернетті тегін пайдалана аласыз. Ал ақылы тариф шектеусіз жұмыс істейді. Оның бір сағаттық, бір айлық, күндізгі және кешкі абоненттері бар», — деп атап өтілген.
Компания енді таяу уақытта Өзбекстанның өзге туристік қалаларында да Wi-Fi желісіз интернет қосуды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, Жызақ, Самарқанд, Ферғана, Әндіжан, Наманған, Бұхара, Навои, Ургенч және Карши қалаларында 45 мың нүктені қамтитын желісіз интернет орнатпақ.