Site icon KAZAKBOL

Ташкентте «Бұхараны бомбалаған сәт» картинасын көрсетпеді

Өзбекстан мемлекеттік өнер мұражайында танымал өзбек суретшісі Вячеслав Ахуновтың «Бұхараны бомбалаған сәт» картинасы белгісіз себептермен көрсетілмей қалды.

Картина Ташкентке 25 наурызда АҚШ-тағы жеке коллекциядан жеткізілген. Оны астанада 27 наурызда көрсетуі керек болған. Алайда мұражай директоры Василя Файзиева оған рұқсат бермеді, дейді сурет авторы.

«Орыстарды ашуландырғысы келмеген шығар. Өйткені мұсылман әлемінің қасиетті қалаларының бірі саналатын Бұхараны орыстар бомбалаған. Бұл тақырып Украинада кескілескен соғыс жүріп жатқан уақытта қайтадан көтеріліп, орыстар бұрын да жағымсыз әрекеттерге барғаны айтыла бастады», — дейді Ахунов.

«Бұған қоса, жақында Өзбекстан мемлекеттік өнер мұражайы директорының орынбасары қызметіне Ресей азаматы тағайындалған. Ол ұзақ жылдар бойы Вексельбергтің жеке мұражайы директорының орынбасары болып істеген. Вексельберг — Путин ақшасын ұстайтын адам екені мәлім. Ол Фаберже жұмыртқалары коллекциясын жинап, Санкт-Петербургте мұражай ашқан. Путиннің адамы Ташкентте мұражай директорының орынбасары болып істейді», — дейді Вячеслав Ахунов.

Михаил Овчинников биыл 27 ақпанда Өзбекстан мемлекеттік өнер мұражайы директорының орынбасары қызметіне тағайындалған.

Суретшкі Вячеслав Ахунов «Бұхараны бомбалаған сәт» картинасын 1987 жылы салған.

1920 жылы Михаил Фрунзе басқарған қызыл армия Бұхараны әскери ұшақтармен атқылады. Қалаға салмағы 64 келі бомбалар тасталды. Үш күнге созылған шабуылдан Бұхараның 30 мұнарадан тұратын ежелгі қоршаулары толық талқандалды.

«Қызыл армия өткен ғасырдың басында Бұхараны бомбалап, қаланы өзіне бағындырды. Тарих қайталанады. Ресей Украинаны бағындыру үшін Киевті үздіксіз бомбалап жатыр», — дейді өзбек тарихшысы Хайдарәли Норов.

Источник

Exit mobile version