Site icon KAZAKBOL

«Техас» атанған Шымкент енді «Лас-Вегасқа» айналды (фото)

Не шықса да Шымкенттен шығады дейді.

Жақсысы да, жаманы да… Неге екені белгісіз елдің өзге өңірлеріндегілер тек Шымқаланы ғана емес, оның тұрғындарын да шеттетіп, «южанин» деп есім қойып алған. Олар үшін Шымкентте өмір сүру тозақты мекен етумен тең сияқты. Ал шын мәнінде қалай?

Бұл сұраққа жауап алу үшін NUR.KZ тілшісі шаһарды айналып, жергілікті тұрғындардың пікірін біліп қайтты.

Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкенттің аумағы – 116 мың гектар жерді алып жатыр.

Ал халық саны 900 мыңға жуық. Әрине, бұл тұрақты мекенжайы бойынша тіркелген тұрғындар ғана. Халық саны одан да көп болуы мүмкін.

Алдымен көпшілік жиі айтып, мақтанатын «Тәуелсіздік» саябағына ат басын бұрдық.

Аталған саябақ ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ашылған.

Сәулеті келіскен орынның ашылуына елбасының өзі арнайы қатысып, тіпті көшет отырғызған болатын.

Қабанбай батыр көшесі басындағы саябақ қақпасынан ішке кіре сала егемендік алғаннан бері әр жылдар ішіндегі ел үшін маңызды оқиғалар тасқа қашалып жазылған.

Дәл осы демалыс аумағында шымкенттік аруларды кездестірдік. Суретке түсіріп, қала туралы ойларын білдік.

Оңтүстік өлкесінде туып-өскен тұрғын Гүлжан Нұрланқызының шырайлы қала туралы пікірі өзгеше екен.

«Мен үшін Шымкенттің алар орны ерекше. Өмірімдегі талай қызықты әрі естен кетпес сәттер осы шаһармен байланысты. Осыдан төрт жыл бұрын жұмыс бабымен Астанаға көшуіме тура келді. Бас қалада үш жылдай тұрдым. Астана да — әсем қала. Бірақ, Шымкентіме жетпейді екен. Былтыр шырайлы қалаға түпкілікті қоныс аудардым. Мұнда тек климат емес, адамдары да жылы. Мәселен, биыл қыс небәрі екі-ақ айға созылды. Оның өзінде қар 2-3 рет жауды. Ақпанның өзінде күн жылып, ағаштар гүлдеді», — деп мақтаныш сезімін жасыра алмады ол.

Саябақтан өте Ордабасы алаңына дейінгі көпірді бойлай қаланы тұтастай болмаса да, біраз аумағын тамашалауға болады. Тура алдында «Жер Ана» монументі бой көтерген. Оның биіктігі – 24 метр.

Естеріңізде болса, бұрын Шымкентті «Техас» деп атайтын. Ал бүгінде бұл атау бірте-бірте ұмыт қала бара жатқандай. Шаһардың жаңа лақап есімі пайда болды. Ол – «Лас-Вегас». Бұл атауды қала әкімінің өзі ойлап тапқан. Әрине, басшы Шымкентті «Лас-Вегас» деп атаңдар деген жоқ. Оның өз тарихы бар.

Былтыр Тұрар Рысқұлов көшесіндегі көпірдің жұмысымен танысқан әкім «Шымкент Лас-Вегастан да күшті болады» деп айтқан еді. Содан бері «Лас-Вегас» атауы шымкенттіктер арасында жиі қолданылып жүр. Әсіресе, қала жастары аталған өткелді «Лас-Вегас» деп атап кеткен.

«Теріскей» мөлтекауданындағы балмұздақ дүңгіршегін білмейтін шымкентттік жоқ шығар. Қашан көрсең, адам үйіліп тұрады. Ұзын-сонар кезек. Кейбір тұрғындар қаланың мына басынан осы бір дүңгіршек әзірлейтін балмұздақтан дәм тату үшін арнайы келіп жатады.

Айтуларынша, мұндағы балмұздақтың дәмі тым ерекше. Бағасы көлеміне қарай әртүрлі. Орташа бағасы — 80 теңге.

18 мөлтекауданында тұратын Әйгерім Төлегенованың жасы 24-те. Шымкентте туып-өскен. Бүгінде медицина саласында қызмет етеді. Кейде жұмыстан шаршап қайтқанына қарамастан, ол «Теріскейдегі» балмұздақтан дәм татпай кетпейтінін жасырмайды.

«Балмұздақтың дәмін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қайта-қайта қалап тұрасың. Тек балмұздақ емес, Шымкенттегі барлық өнімге деген сұраныс ерекше ғой. Әсем де жылы қалада туылғанымды және осында тұрып жатқанымды мақтан тұтамын. Менің бұл пікіріммен өзгелер де келіседі деген ойдамын. Тек шымкенттіктер емес, басқа қала тұрғындарының да бізге қызыға қарайтынын білемін. Шымкентке қонақ болып келген достарым мен туыстарым үнемі солай деп айтып жатады. Бізде жалақы өзге қалалармен салыстырғанда аз болғанымен, жеткілікті. Өйткені азық-түлік арзан. Күн ауасы керемет. Көктем ерте шығады», — дейді шымкенттік бойжеткен.

Тұрғын Амангелді Ақынов та қала тұрғыны екенін ерекше мақтан тұтады.

«Бізде қыс мезгілі ұзаққа созылмайды. Жылдың басым уақытында күн жылы, ауа райы кез-келген салаға, соның ішіндегі мал мен егін шаруашылығына өте қолайлы. Шымкентте көздің жауын алатын әсем де зәулім ғимараттар бой көтеруде. Шымқаламның көркіне көрік қосылып, шырайы шарықтап, абыройы асқақтап келеді. Мен қаламмен мақтанамын», — деді шымкенттік азамат.

Шымкент дегенде «Нұрсәт» мөлтекауданы туралы айтпай кетуге болмас. Мұнда әкімшілік-іскерлік орталыққа жақын Түркістан сарайы мен «Отырар» кітапханасы, сонымен қатар Көрме орталығы және де қазақ-драма театрының алып ғимараты орналасқан.

«Нұрсәттен» жоғарырақ жүрсеңіз (орталық көше арқылы), зообақ пен Асанбай Асқаровтың мұрындық болуымен бой көтерген Дендрологиялық саябақты тамашалай аласыз. Одан әрмен қарай «Бәйдібек би» ескерткіші мен «Қазына» этно-тарихи кешеніне тап боласыз.

«Бәйдібек би» ескерткіші  ел аумағындағы ең биік нүктеде орналасқан нысан болып табылады. Оның биіктігі – 10 метр, салмағы 9 тонна.

Үш қыз тәрбиелеп отырған шымкенттік әке Ермек Момынов облыс орталығынан жұмыс іздеген адамға жұмыстың табылатынына сенімді.

«Шымкентте қашанда екі қолға бір күрек табылады. Алматы мен Өскеменде жұмыс істегенмін. Бірақ ол жақтарда жағдай басқаша. Бізде менталитет өзгеше, халық мейірімді секілді. Сонымен қатар бізде бәрі арзан ғой. Көкөніс пен жеміс-жидектерді қаланың кез-келген бұрышынан таба аласың. Сауда саласы қызып тұр», — деп ағынан жарылды тұрғын.

Айта берсек, шырайлы қалада көз жанарын алатын нысандар мен демалыс аймақтары көп. Тамақтану орындары мен базарлар, тойханалар саны жағынан да Шымкент алда.

Бағасы көпшілікке белгілі — арзан. Әрине, қаланы тым мінсіз деп айта алмаймыз. Мұнда да еліміздің өзге қалаларындағыдай су мен газға жарымай отырғандар жоқ емес.

Фоторепортаж арқылы қарапайым шымкенттіктердің Шымкент туралы пікірін паш етуді көздеген едік. Шаһардың ерекше жылулығын сезіну үшін шымкенттік болып көру қажет секілді.


Exit mobile version