Каспий құбыр желісі консорциумының жұмысы тоқтатылатыны жайлы ақпарат шыққаннан кейін 7 шілдеде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай тасымалдауды диверсификациялауды маңызды міндет деп атады.
Осыған орай ол Транскаспий бағытын жүзеге асырудың ең оңтайлы әдісін тауып, екі құбыр желісінің қуаттылығын көбейтуді тапсырды. Бұл жөнінде Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
– Транскаспий бағдары басым бағыт саналады. «ҚазМұнайГазға» оны жүзеге асырудың оңтайлы нұсқасын, соның ішінде Теңіз жобасының инвесторларын тарту мүмкіндігін пысықтауды тапсырамын. Үкімет «Самұрық-Қазынамен» бірлесіп, Атырау – Кеңқияқ және Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларының қуатын арттыру жөнінде шаралар қабылдауы қажет, – деді президент бейсенбі күні көлік-транзит әлеуетін дамыту мәселесіне арналған жиында.
Тоқаев сонымен бірге Қазақстан порттарын Каспийдің жетекші хабтарына айналдыруды тапсырды.
– Қазақстан теңіз арқылы тасымалдау әлеуетін толық пайдаланған емес. Қазір заман басқа. Үкіметке порттарымызды Каспий теңізінің жетекші хабтарының біріне айналдыра отырып, трансформациялау жөнінде стратегиялық міндет жүктедім. Теңіз флотын нығайтып, Ақтау портында контейнерлік хаб құру қажет деген ұсыныспен толық келісемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осыған дейін Новороссийскінің Приморск аудандық соты «экология ережелерінің бұзылуына байланысты» Қазақстан мұнайын экспорттайтын Каспий құбыр желісі консорциумының жұмысын 30 күнге тоқтатқан еді. Консорциум аудандық сотқа қайрылып, сот қаулысын орындауды шегеруді өтінген.
Қазақстан сыртқа шығаратын мұнайдың шамамен 80 пайызы осы КҚК арқылы экспортталады. Қазақстан үкіметінің мәліметінше, 2021 жылы осы құбырмен 53,1 миллион тонна, ал биылғы қаңтар-сәуір айларында 18,7 миллион тонна қазақ мұнайы тасылған.
Қазақстандық экономист Алмас Чукин Facebook парақшасында құбыр желісінің жұмысы 30 күнге тоқтаса, Қазақстан мен экспортерлар 300-500 млн долларға шығынға батады деп жазған.