Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде нацистер Польша жерінде құрған Треблинка концлагерінде тұтқындар көтерілісіне қатысқан соңғы адам – Самуил Вилленберг 93 жасында Израильде қайтыс болды.
Польшада туып-өскен Вилленбергті нацистер өзге еврейлермен бірге 1942 жылы қазанда Треблинка концлагеріне қамаған. Тас қалаушы мамандығы болғандықтан нацистер оны концлагерьде жұмысқа жеккен.
1943 жылы Треблинкада көтеріліс ұйымдастырып, концлагерьден қашқан 200-ге жуық тұтқыннан соғыстың соңына дейін 63 адам тірі қалған, солардың бірі – Самуил Вилленберг.
Тарихи деректер бойынша, Треблинка концлагеріндегі газ камераларында 870 мыңға жуық адам қаза болған. Нацистер қолынан жаппай қырылған тұтқындар саны бойынша Треблинка Аушвиц-Биркенау (Освенцим) концлагерінен кейін екінші орында саналады.
Дереккөз: Азаттық