Site icon KAZAKBOL

Украинада қаза тапқан төрт адам Тәжікстанда жерленді. Олар Ресей әскеріне қызмет еткен

Тәжікстанның Хатлон және Соғды облыстарында туған төрт азаматтың мәйіті елге жеткізілді. Олар Ресей әскерінде келісім-шартпен қызмет етіп, Украинадағы соғыста қаза тапқан.

Бұның алдында украин ақпарат құралдары Украинаға басып кірген Ресей әскерінде Тәжікстанның жүз шақты тумасы барын хабарлаған.

56 жастағы Саидбакар Саидов Тәжікстанның оңтүстігіндегі Хамадони ауданына қарасты Тудабоён ауылында туған. Өткен аптада оны осы ауылда жерледі. Саидов ұзақ уақыт Ресейде тұрып, сол елдің азаматтығын алған, бірақ оны туыстары елде жерлеуді жөн көрген. Ресейде марқұмның үш қызы, екі баласы тұрады.

Саидовтың қайда және қалай қаза тапқанын туыстары мен ауылдастары айтпады. Олар журналистермен сөйлесуден бас тартты. Алайда марқұмның бауыры Саидовтың Ресей әскеріне қызмет еткенін растады.

«Маңдайына жазғанын көреді. Біз 1992 жылдан бері Ресейде тұрдық, сол себепті орыстарға, Ресейге ренішіміз жоқ. Тәжікстан билігі қолдаса, мен де Ресейге қызмет етуге дайынмын», — дейді марқұмның бауыры Ёрмұхаммад Саидов.

Тәжікстаның оңтүстігіндегі осы ауданға Ресей әскеріне қызмет етіп жүріп қаза тапқан офицер Рамазон Мұртазоевтің сүйегін алып келді. Ол 38 жаста еді. Марқұмның туыстары мен жергілікті билік тілшілермен сөйлесуден бас тартты. Украинадағы соғыста қаза тапқан тағы екі тәжікстандық туралы мәлімет жоқ.

Тәжікстан мен Ресей арасында қос азаматтық туралы келісім бар. Республика тәуелсіздік алған жылдары жүздеген мың тәжікстандық Ресей паспортын алды. Ресейдің Тәжікстандағы 201-әскери базасында қызмет еткендерге азаматтық алу жеңілдетілді, сол себепті жергілікті азаматтар әскери қызметке ұмтылды.

Источник

Exit mobile version