Site icon KAZAKBOL

Украинада соғыс басталғалы бері 32 журналист қаза тапты

Ресей Украинаға соғыс ашқалы бері 32 журналист қаза тапқан. Бұл жөнінде Украинаның мәдениет және ақпараттық саясат министрі Александр Ткаченко мәлімдеді.

6 маусымда Украина Журналистер күнін атап өтті. Әлеуметтік желіде мәлімдеме жасаған министр, қазір журналистер соғыс жағдайында «ақпараттық майданның алдыңғы шебінде» жұмыс істеп жатыр деп атап өтті.

«4 айдың ішінде 32 әріптесімізден айырылдық, соңғы сегіз жылда одан да көп журналист қаза тапты. Сіздер – батырсыздар. Сіздердің рөліңіз, ержүректігіңіз және ісіңізге адалдығыңызға баға жетпейді», — деп жазды Ткаченко.

30 мамырда BFMTV медиа компаниясының француз журналисі Фредерик Леклер-Имхофф қайтыс болды. Ол Луганск облысында бейбіт тұрғындарды эвакуациялау процесін түсіріп жүрген. Журналист бейбіт тұрғындар отырған автобусты атқылаған кезде қайтыс болған.

29 сәуірде Киевте ресейлік зымырандардың атқылауынан Азаттықтың украин қызметінің тілшісі Вера Гирич көз жұмды. Зымыран ол тұрған үйге құлаған. 23 сәуірде Киевте The Insider басылымының тілшісі Оксана Баулина редакцияның тапсырмасын орындап жүрген кезде, бақилық болды.

13 наурызда Киев түбіндегі Гута ауылында фототілші Макс Левин із-түссіз жоғалып кетті. Оның денесін сәуір айында тапқан. Бұдан бөлек көптеген журналист ұсталып, азапталған.

Деректі фильм түсіретін литвалық документалист Мантас Кведаровичюс 2 сәуірде Мариупольда қайтыс болды. Ол соғыс жайлы жаңадан деректі фильм түсірмек болған. Ресей әскерінің оғынан көз жұмды.

«Шекарасыз тілшілер» ұйымы Халықаралық сотқа Ресей армиясына қарсы әскери қылмыс жасады деген айыппен, бірнеше шағым түсірді.

Источник

Exit mobile version