Site icon KAZAKBOL

Украинадан кейін Грузия мен Молдова Еуроодаққа қосылуға ниет білдіріп отыр

Грузия Еуроодаққа қосылуға өтінішті 3 наурызда тапсыруды жоспарлап отыр. Ресей басқыншылығына ұшыраған Украина осы аптада Еуроодаққа қосылуға өтініш білдіріп, Еуропарламент Украинаға үміткер мемлекет деген мәртебе беру жөніндегі резолюцияны қолдаған.

Басқарушы «Грузин арманы» партиясының төрағасы Иракли Кобахидзе 2 наурыз күнгі баспасөз мәслихаты кезінде партияның «Грузия Еуроодаққа қосылуға өтінішті дереу тапсыру қажет» деген ұйғарымға келгенін айтты.

Бастапқыда Грузия өтінішті 2024 жылы тапсыруды жоспарлаған, бірақ соңғы жағдайға байланысты өтініш тапсыру кезеңін жеделдетуді ұйғарған.

Молдова президенті Майя Санду да Еуроодаққа мүше болуға өтініш беру күттірмейтін күн тәртібінде тұр деп мәлімдеді.

2 наурызда Украина президенті Владимир Зеленский Еуропа кеңесінің жетекшісі Шарль Мишельмен телефон арқылы сөйлесіп, Украинадағы ахуал мен дипломатиялық іс-қимылдарды талқылағанын мәлімдеген. Киев «Украинаны ЕО-ға мүшелікке қабылдау мәселесінде жақсы жаңалық күтіп отыр» деді Зеленский.

Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулебаның айтуынша, Киев одаққа қосылу бойынша құжаттарды неғұрлым тезірек аяқтауға күш салғанмен барлығы Еуроодақтың саяси шешіміне тәуелді.

Одаққа қосылу процесі әдетте жылдарға созылады және ол үшін бірқатар қатаң шарттарды орындау қажет. Құрамына 27 мемлекет кіретін одаққа жаңа мүше қабылдау бойынша дауыс беру құпия өтеді.

Иракли Кобахидзе сәрсенбі күні Еуроодақты Грузияның өтінішін жылдам қарауға шақырды.

Источник

Exit mobile version