«Терроризмді насихаттады», «діни араздық қоздырды» деген айыппен өткен айда ұзақ мерзімге сотталған сегіз адам сот шешімін «заңсыз» деп санап, 30 қыркүйектен бастап мерзімсіз аштық жариялады.
Бұл жөнінде бүгін Алматы қалалық сотына келген олардың туыстары хабарлады. Туыстарының сөзінше, сотталғандар тиісті мемлекеттік органдарға, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, экс-президент, елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жолдап, үстерінен қозғалған іс пен сот шешіміне назар аударуды сұраған.
Сотталғандардың туыстары егер, билік 10 күнде ешбір шара қолданбаса, тергеу изоляторында аштық ұстап отырғандарға өздері де қосылатынын мәлімдеді.
Қалалық сотқа келген Анжелика Беляева, Сәуле Нұрғалиева, Фарихат Абдрахманова және Жұмагүл Әжібаева туыстары Азамат Үмбетәлиев, Болатбек Нұрғалиев, Назим Абдрахманов және Есім Сүлейменов заңсыз сотталды деп санайды.
Алматы қалалық қылмыстық атқару жүйесі департаменті Азаттық тілшісіне сотталған сегіз адамның аштық жариялағынан хабарсыз екенін айтты.
Алматы қаласында 5 тамызда «терроризмді насихаттады» және «діни араздық қоздырды» деп айыпталған тоғыз адамның сегізі ұзақ мерзімге сотталып, түрмеге қамалған.
Қырық жастағы Болатбек Нұрғалиев 8 жылға, 39 жастағы Ернар Саматов пен 36 жастағы Бекет Мыңбасов «терроризмді насихаттады», «діни араздық қоздырды» деген айыппен жеті жарым жылға сотталған. 27 жастағы Азамат Үмбетәлиев, 34 жастағы Жасұлан Ысқақов, 32 жастағы Самат Әділов, 31 жастағы Назим Абдрахманов және 36 жастағы Есім Сүлейменов «діни араздық қоздырды» деген айыппен әрқайсысы бес жарым жылға сотталып, түрмеге қамалған.
Қылмыстық іске қарағанда, Болатбек Нұрғалиев «терроризм мен салафизм идеясын насихаттау және салафизм идеясын ұстанатындарды көбейту үшін» WhatsApp мессенджерінде топ ашып, өзімен пікірлес сегіз адамды тіркеген. Сот үкіміне қарағанда, Қазақстанның түрлі өңірінде тұратын бұл адамдар заңға қайшы екенін біле тұра әрекеттерін жалғастырған.
Соттағы соңғы сөздерінде кінәсіздігін айтып, ақтауды сұраған айыпталушылар қазір апелляциялық шағымдарының қаралуын күтіп жатыр. Осы іс бойынша айыпталғандардың бірі Жұлдызбек Тәуірбековтің соты денсаулығына байланысты бөлек өтеді.
Қазақстандағы «Альянс Тірек» құқық қорғау ұйымы бұл іс бойынша сотталған сегіз адамды «діни наным-сенімі бойынша қуғындалғандар тізіміне» қосқан.