Қырғызстанда бала саудасы ісі бойынша жеті медициналық қызметкерге айып тағылды. Бұл жөнінде елдің ішкі істер министрі Кашкар Жунушалиев мәлімдеді.
Оның сөзінше, алты адам тергеу абақтысында отыр, біреуі – үйқамақта. ІІМ басшысы тергеу жүріп жатқандықтан, толық ақпарат бере алмайтынын айтты.
Кейбір ақпарат көзіне қарағанда, Қырғызстанда бала саудасы бойынша төрт бірдей қылмыстық іс қозғалған.
7 қыркүйекте Бішкек қалалық ауруханасында жұмыс істейтін гинеколог дәрігерлер бала сатты деген күдікпен ұсталған. Милиция әзірге олардың аты-жөндерін айтпай отыр. Аталған оқиға бойынша, Қырғызстанның Қылмыстық кодексінің 124-бабы («Адам саудасы») бойынша іс қозғалған.