Қызылордада жеңіл жүріспен айналысып, ақша үшін жыныстық қатынасқа түсетін түнгі көбелектер соңғы уақытта өз қызметтеріне сұраныстың азайып, бағалары арзандағанын айтады. Жыныстық қызмет көрсету нарығындағы дағдарыс туралы өңірдегі тілшіміз хабарлайды.
Кейіпкеріміздің есімі – Айзада. Бойжеткеннің жасы жиырма бесте. Студент кезінде жақын құрбыларына еріп, осы саланың «белді қызметкеріне» айналғанын айтады. Кейін оқуын тастап кетуге мәжбүр болыпты.
«Ата-анам мен бауырларым ауылда тұрады. Мен қалада бір кафеде администратор болып жұмыс істеймін деймін. Әйтеуір жұмысыма арнайы тексеріп келген жоқ. Айына бір-екі рет барып тұрамын. Қолыма түскен ақшамды апарып беремін. Жақындарым шындықты біліп қойғанда не боларын елестетсем, тіпті қатты қорқып кетемін», — дейді ол.
Айзаданың тұрақты «клиенттері» жоқ екен. Қызметін сұрап келгендермен өзара келісе береді.
«Қазір бұрыңғыдай емес. Бізге келетіндердің қатары біраз азайып кеткен. Бұрындары күнделікті жұмысқа шығатынбыз. Бүгінде тек сенбі, жексенбі күндері ғана адам болады. Көбіне, сауналардан тапсырыс түссе екен деп тілейміз. Түнімен жалдайтындар да бірең-сараң», — дейді ол.
Бойжеткен бұл жағдайға қаржылық дағдарыс әсер етті деп ойлайды екен. Осыдан біршама уақыт бұрын бір сағатына 7 мың теңгеден аз ақша алмайтын ол, қазір 4 мың теңгеге келісе беретінін айтады.
«Әрине келген клиенттің өз пәтері болғаны жақсы. Бірақ көбіне пәтерге өзіміз апарымыз. Бұл үшін олар қызметіміз үшін төленетін ақыға 1000 теңге қосады. Көбіне жасы 40-тан асқан кісілер келеді. Оның ішінде таксистер көп», — дейді.
Осы саланы жақсы меңгерген бойжеткен біртің Қызылордада жезөкшелердің саны азайып келе жатқанын айтты. Бірақ жаңа өмір бастау оларға оңай соқпайтыны белгілі. Бұрын тек 10 000 теңгенің ұшын көрсеткенде ғана келісетін VIP бойжеткендер де қалмай барады. Кейбіреулері «табыс көзін» өзге өңірлерден іздеуге кірісіпті.