Site icon KAZAKBOL

Қырғыз экс-президентінің әйелі Раиса Атамбаеваға қылмыстық іс қозғалды

Қырғызстанның бұрынғы президентінің әйелі Раиса Атамбаеваға қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы журналистерге Атамбаеваның өзі хабарлады. Іс президент аппаратының сот реформалары және заңдылық бөлімінің бұрынғы басшысы Манас Арабаев ісі аясында қозғалған.

«Қазір ғана маған Арабаев ісі аясында қылмыстық іс ашылғанын білдім. Мен ешқашан судьялардың ісіне араласпағанымды, саясаттың лас екенін біліп, оған араласпауға тырысқанымды айтқым келеді. Мен ешқандай судьяны танымаймын да», — деді Атамбаева.

Бас прокуратура Азаттық радиосына мәліметті растады. Материалдар Құқық бұзушылықтың бірыңғай реестрінде тіркелген.

Раиса Атамбаеваның пікірінше, оның отбасы мен бұрынғы президенттің жақтастарын «жаппай қудалау» жүріп жатыр.

«Алмазбек Шаршеновичтің үлкен ұлы — Сейітбек Атамбаевты аяусыз сабап кетті. Гипсте, балтақпен жүрген баланы күнде тергеуге алып кетеді. Атамбаевтың немере бауырына екі қылмыстық іс қозғалған. Үлкен ұлдың қайын атасының үйінде тінту жүргізілген, милиция оның үйіне ескертусіз, рұқсатсыз кіріп, дүние-мүлкін қопарып кеткен», — деді Раиса Атамбаева.

Ол «Ала-Арча» мемлекеттік резиденциядағы үйіне кіре алмай, заттарын ала алмай жүргеніне шағымданды. Кой-Таштағы үйді мөрлеп тастаса, далада қалуы мүмкін екенін айтты.

Елдің бұрынғы бірінші ханымы президент Сооронбай Жээнбековтен оның отбасын қудалауды доғаруын сұрады.

Манас Арабаев 2 маусымда ұсталды, оған «жемқорлық» айыбымен қылмыстық іс қозғалған.

2 шілдеде «Ала-Тоо 24» телеарнасының эфирінен шетел инвесторларының мүліктерін басып алуға Раиса Атамбаеваның да қатысы бары айтылған бағдарлама көрсетілді. Манас Арабаев құқық қорғау органдарына осылай деп куәлік берген.

5 шілдеде Манас Арабаев үйқамаққа ауыстырылды.

centralasian.org

Exit mobile version