Әлеуметтік желілердің өзбек сегментінде мақта алқабында арықта тұрған алты ер азаматтың суреті таралды. Бұл оқиға Ташкент облысы Аққорған ауданы «Абдуносир Гулям» шаруа қожалығында болған.
Дереккөз мәліметіне қарағанда, алты еркектің үшеуі — аудан әкімдігінің қызметкері, біреуі — махалла ақсақалы, қалған екеуі — жергілікті шаруалар. Бұл сурет 25 қазанда жасалған. Сол күні бұл ауданға Өзбекстан вице-премьері Зоир Мирзаев жұмыс бабымен келген.
Суреттегі алтауды егістікті суғарып қоймағаны үшін осылай жазалаған. Көпшілік алдында жазалауға вице-премьер, облыс басшылығы да қатысқан. Жазаланғандарды суық су аққан арыққа шамамен 40-45 минут тұрғызып қойған. Одан соң киімдері су-су оларды көшеде жүгірткен.
«Бұны мен ғана емес, Аққорған ауданның көптеген тұрғындары көрді. Ер азаматтар көшеде жүгіргенде, олардың соңынан жеңіл автокөлік ілесіп отырды. Мұндай бірінші рет көруім. Бұл — сұмдық», — деді дереккөз.
Аудандағы мемлекеттік органдардың бірінде жұмыс істейтін шенеунік оларды егіс алқабын суғармағаны үшін жазалағанын растады. Оның айтуынша, жергілікті шаруалардың бірі арықта тұрудан бас тартқан, бірақ оны ұрып, арық кешуге мәжбүрлеген.
Еңбек және жұмыспен қамту министрлігі бұл оқиғаға кінәлілер заңмен жазаланатынын хабарлаған.