Site icon KAZAKBOL

Өзбекстанда кәуаптан жаппай уланып, көз жұмғандар бар

Өзбекстанның Наманған облысы Чуст ауданында екі адам тамақтан уланып қайтыс болып, алты адам жансақтау бөлімінде жатыр.

Жергілікті тұрғынның айтуынша, жергілікті базардың маңында орналасқан асханаға бір күнде барған отыз шақты адам инфекциялық ауруханаға түскен.

«Базардың маңында туннель, ет сататын орын және жанында асхана бар. Сол күні асханадан кәуап жеген отыз шақты адамның бәрі ауруханаға түскен. Сол күні базарды түгелімен жапты. Қазір тексеру жүріп жатыр», – деді Чуст ауданының тұрғыны.

Аудандық аурухана дәрігері аты-жөнін айтудан қорқып, уланып түскендердің екеуі қайтыс болды деді.

«Қазір ауданда жаппай үрей. Алты адам жансақтау бөлімінде жатыр. Отыз адам ем қабылдап жатыр», – деді дәрігер.

Чуст ауданы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау орталығының бас дәрігері Зайлиддин Анаркулов ауруханаға түскендерге ішек иерсиниозы (инфекциялық кесел) деген диагноз қойылғанын айтады.
centralasian.org

Exit mobile version