Жаңаөзенде “Өзенмұнайгаздың” мұнай ұңғымаларын жөндеумен айналысатын мердігер мекемесі – “Кезби” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мұнайшыларының жұмысты тоқтатып, үстемеақы сұрап тұрғандарына үш күн болды.
“Кезби” жұмысшыларының басты талабы — биыл ақпанда екі күн ереуілдетіп, жалақыларына 30% үстеме қостырған “Өзенмұнайгаз” ірі мұнай компаниясының мұнайшылары тәрізді өздерінің жалақыларына 20% үстеме қосу.
– Жұмысты 12 сағаттық жұмыс күні етіп нақтылауды талап етіп отырмыз. 12 сағат жұмыс істесек те бізге табельге 11 сағат қояды. Біздің мекеме “Өзенмұнайгаздың” істен шыққан ұңғымаларын жөндейтін жалғыз мекеме. Былайша айтқанда, мамандармыз және біз кәсіби маман ретінде “Өзенмұнайгазға” ауыстыруды талап етеміз. Осы талаптар жазылған ұжымдық шартты қолға беруді де сұрап тұрмыз, — дейді “Кезби” мекемесінің ереуілдеп тұрған жұмысшыларынң бірі Нұрсұлтан Нұрымов.
Оның айтуынша, 21 сәуірде олармен кездесуге “Қазмұнайгаз” ұлттық компаниясының өкілі келетіні айтылған.
– “Түстен кейін кездеседі” деген. Соны күтіп отырмыз,- деді ол.
Әлеуметтік желіде тараған «Кезби» мекемесіндегі ереуіл деп аталатын видеолардың бірінде кемінде жүз адамның тұрғаны көрінеді. Видеоны түсіріп тұрған адам «20 сәуір, нәтиже жоқ» дейді. Компания өкілімен диалогтың аса сәтті өрбімегені байқалады.
Азаттық тілшісі “Кезби” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қожайыны Бітім Кезбаевқа қоңырау шалған еді. Ол қазір шетелде емделіп жүргенін айтып, мұнайшылар талабы туралы ештеңе айта алмайтынын жеткізді.
“Кезби” мекемесі былтыр шілде-қазан айларында бірнеше рет ереуілге шығып, еңбекақы мен әлеуметтік пакеттерге қатысты талаптарын ішінара орындатқан.
Жаңаөзенде жұмыс тоқтатып, ереуілдеп жатқан мекеме жалғыз “Кезби” емес. “ТрубРемЦентр” , “Тазалық-С” мекемелері жұмысшылары да бірнеше күннен бері жұмысты тоқтатып, жалақыны көбейтуді, жұмыс жағдайын жақсартуды талап етіп отыр.
Ақпан айында Жаңаөзенде бірнеше компания ереуілдеп жалақыны көтеруді талап еткен. Олардың арасында 16 мұнай-газ өндіруші мекемелері бар “Өзенмұнайгаз” компаниясы да болған еді. Мұнайшылар талабынан соң “Қазмұнайгаз” “Өзенмұнайгаз” мұнайшылары жалақысын 30 пайызға өсірген.