Site icon KAZAKBOL

Жаныңда жүр жақсы адам

Қазақстан Қарулы Күштерінің әскер түрлері мен тектерінде нәзік жандыларды көптеп көруге болады. Солардың бірі Түркістан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің психологиялық қызмет бастығы аға лейтенант Сара Қалдыбай.

 

Ол Шымкент қаласындағы Ә. Қуатбеков атындағы халықтар достығы университетінің түлегі. Мамандығы – педагог-психолог.

Сара әскери қызметтегі еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінде шақыру бөлімшесінің инспекторы болып бастаған. 6 жылдан бері осы департаменттің психологы қызметін атқарып келеді.

Күнделікті қызмет барысында әлсіз кандидаттарды жеке әңгімелесу мен қысқаша психологиялық тест арқылы шебер сұрыптай білетін білікті маман ретінде Сараның айтары көп.

– Жауынгер үшін дене дайындығы өте маңызды. Алайда менің ойымша, бұл тұрақты психикадан кейін екінші орында тұрған дүние. Ешкім де қаруды физикалық тұрғыдан дамыған, бірақ қиын жағдайда эмоционалды, күйзелістерге төтеп бере алмайтын адамға сеніп тапсырмайды.

Бүгінде Сара Қалдыбай өз ісінің білікті маманы. Әріптестерінің арасында абыройлы. Бір қарағанда салмақты көрінгенімен мінезі ашық-жарқын. Қызмет барысында бірнеше алғыс хаттармен және мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Сара отбасында ибалы келін, адал жар, аяулы ана. Бауырынан өрбіген 5 баланы рухы мықты, отаншыл ұрпақ етіп тәрбиелеуде. Тұңғыш перзенті анасы секілді әскери адам болғысы келеді екен. Баласының бұл арманын құп көрген анасы игілігі үшін қызмет ету лайықты іс деп біледі.

«Әйелдің мойнына жүктелген ауыр жүк – ана болу, ал көп баланың анасы болу нағыз ерлікке татиды. Осындай жауапты міндетті арқалаған Сара да қызмет барысында ерлермен иық тірестіріп, жауынгерлік тапсырмаларды тек абыроймен орындап келеді», – дейді Түркістан облысының қорғаныс істері жөніндегі бастығының орынбасары подполковник Жандос Күлдербаев.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, осындай нәзік жанды аруларымыздың еңбегі баршаға үлгі болары сөзсіз.

 

 

Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі

Exit mobile version