Елімізде «Zhas Project» жастар жобасының жүзеге асқанына екі жыл болды. Аталған бастаманы ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банктің қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Оған 14 пен 29 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Мақсат – жастарды, әсіресе әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандарды қоғамға бейімдеу және жұмыспен қамтып,қоғамдық пайдалы қызметке тарту.
Жоба аясында Маңғыстау облысында 321 жоба іске асырылды, онда 1070-ке жуық жас қатысып, олар өздерінің бастамаларын іске асыру үшін 1 000 000 теңге көлемінде гранттар алды. Сонымен қатар өмірлік дағдылар мен жобаларды басқару бойынша бірегей оқу бағдарламасынан өту мүмкіндігі берілді. Жобалық стипендияларға ай сайын әлеуметтік стипендия төленді (түлектерге 60 000 теңге, қалған қатысушыларға 40 000 теңге). Әлеуметтік жоба іске асырылған кезеңде мына бағыттар бойынша кіші жобалар ашылды: 93 ауыл шаруашылығының ет және сүт өнімдері, 26 білім беру орталықтары, 17 демалыс орталығы мен шығармашылық үйірмесі, 19 спорт орталығы мен фитнес клубы, 24 наубайхана мен кондитерлік, 29 тігін және аяқ киім шеберханасы, 3 сұлулық салоны. Осы жобаның аясында көптеген жастар өз кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік алды. Бір әлеуметтік жобаны 3-5 адам бірігіп дайындауына болады.
Солардың бірі Қарлығаш Белесова. Оның осы күнге тұрақты жұмысы болмаған. «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, Қарлығаштың анасы өте шебер адам. Жастайынан анасына қолғабыс болған кейіпкеріміз, өз тігін шеберханам болса екен деп армандаған. Қарлығаш «Jas Project» жобасы туралы әлеуметтік желіден көрген. Бұл жоба — қайтарымсыз несие 1000000 теңге болатын. Кейіпкер Мұнайлы ауданы Жастар орталығына барып, қажетті ақпараттар алған. Өзінің арманына қол жеткізу үшін тәуекелге барып, осы жобаға қатысуға бел буады. Керекті құжаттарды толтырып, өз жобасын тапсырған. Бір айдан соң, кейіпкеріміз грант иесі атанғанын естіген. Өз білімін шыңдау үшін курс оқып алған. Қарлығаш алты ай бойы жағдайы төмен отбасыларға, мүгедек жандарға тегін киім-кешек тігіп берген. Соның ішінде жазға «Мектепке жол» акциясы аясында бірнеше отбасының балаларына мектеп формасын кигіп, көмектескен. Сонымен қатар қолөнерден шеберлік сыныбын өткізген. Бұл жобаны үш адам болып бірігіп жүргізіп келеді. Қарлығаш пен Құндыз Белесовалар және Айдана Төраханова. Жас кәсіпкерлер алдағы уақытта қазақтың ұлттық қолөнерін дамытып, тігін шеберханасын ашуды жоспарлап отыр.