Site icon KAZAKBOL

Жігітпен жұдырықтасқан жармалық боксшы қыз әлем чемпионатына қатысады

фото: altaynews.kz

Еркежан Дәулетжанқызы бокстан Венгрияда өтетін әлем чемпионатына жолдама алды

Жармалық Еркежан Дәулетжанқызы бокстан Венгрияда өтетін әлем чемпионатына жолдама алды. Әйтсе де бұл жолдама Қалба өңірінің спортшысына оңай тиген жоқ.

Әсіресе, сәуір айында Бангкокте өткен Азия чемпионатында Еркежанға әжептәуір тер төгуге тура келді. «Сары құрлық» додасында жармалық бойжеткен қарсыластарының түгелін бірінен соң бірін шаң қаптырып еді. Десе де оның вьетнамдық спортшымен болған финалдық бәсекесі үлкен резонанс тудырғаны рас. Кейіннен ДНК қорытындысы қарсыластың жігіт екенін анықтаған болатын. Нәтижесінде халықаралық бокс қауымдастығы вьетнамдықты спорттан шеттеткен-ді.

Сол кезде жерлесіміздің бапкері Арман Тыныбаев: «Жұдырықтасу тәсілі мен дауысы ер азаматтікі секілді», – деген пікір білдіргені бар.

57 келіде сынға түсіп жүрген Еркежан Дәулетжанқызы осыған дейін Қазақстан біріншілігін екі мәрте ұтып алған. Сол секілді бірнеше халықаралық жарыстардың жүлдегері. Ол Өскемендегі облыстық спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының тәрбиеленушісі.

-Қызымның осы уақытқа дейін алыс-жақын шет елдерге барып, бокстан бағын сынап жүргені жұртқа мәлім. Дүбірлі додаларға барып-келуге демеушілік танытып, қолдау көрсеткен аудан басшылығына, кәсіпкер азаматтарға алғысымды білдіремін. Спортты қолдап, Еркежанға демеушілік көрсетіп,  жігерін қайрап жатқан ел азаматтарының игі ісі берекелі болсын,- дейді спортшының бокстағы алғашқы бапкері, әкесі Дәулетжан Түсіпжанұлы.

Айта кетейік Мажар еліндегі жаһан біріншілігі тамыздың 16 мен қыркүйектің 4 аралығында өтпек.

Автор: 

Exit mobile version