Қазақстанның Жоғарғы соты «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау ұйымы төрайымы Тамара Калеева мен Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың «Әсет Матаевты жеке бақылауына алуды» сұраған үндеуіне түсініктеме берді.
Алматы облысы Қапшағай қалалық соты 16 наурызда 33 жастағы ҚазТАГ ақпарат агенттігінің бұрынғы басшысы Әсет Матаевтың жазасын жеңілдетіп, түрмеден жалпы қоныстану мекемесіне ауыстыру туралы өтінішін қанағаттандырмады. Сот 15 тәулік ішінде қайта шағымдануға құқылы екенін ескерткен.
Жоғарғы сот Әсет Матаев пен оның адвокаттары заңға сәйкес Қапшағай қалалық сотының шешіміне қарсы апелляция бере алады дейді. Сонымен бірге заңда және сот тәжірибесінде «істі жеке бақылауына алу» деген түсініктің жоқ екенін ескерткен.
Әкелі — балалы Сейітқазы және Әсет Матаевтар 2016 жылдың ақпан айында Алматыда ұсталған. 2016 жылдың қазан айында Астана соты Әсет Матаевты «қазына қаржысын жымқырды» деп айыптап, бес жылға бас бостандығынан айырған. Әкесі, Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевты «қазына қаржысын жымқырды» және «салықтан жалтарды» деп айыптап, алты жылға бас бостандығынан айырған. Былтыр желтоқсан айында 63 жастағы Сейітқазы Матаев мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шықты.