Қазақстан премьер-министрінің орынбасары — сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Қырғызстан үкімет басшысының бірінші орынбасары Арзыбек Кожошев кездесті.
Қырғыз үкіметі баспасөз қызметінің хабарлауынша, видеоконференция форматында ұйымдастырылған келіссөздерде тараптар екі ел арасында жүк тасымалдау мәселелері сөз болды.
Мәліметтерге қарағанда, келіссөздер нәтижесінде көрші елдердің үкімет өкілдері қазақ-қырғыз шекарасында жүк көліктерінің ұзақ тұрып қалуына жол бермеуге келісті.
Сонымен бірге, тараптар осы саладағы мәселелерді ай сайын талқылап тұратын болды.
Бұның алдында Қырғызстан жағы қазақстандық кеденшілер жүкті «негізсіз» тексереді деп сынаған. Соның салдарынан «Ақ-Тілек — автожол» бақылау-өткізу бекетінде жүк көліктері кезекте ұзақ тұрып қалатын болған.
Жогорку Кенеш депутаттары да көрші елдің мемлекеттік органдары әрекетінің қаншалықты заңды екенін білгісі келген. Қазақстан мен Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше.
Еске салайық, Еуразиялық экономикалық одақ 2010 жылы Беларусь, Қазақстан және Ресейдің кеден бірлестігі ретінде құрылды. 2015 жылы ұйымға Қырғызстан мен Армения кірді. Ұйымға мүше елдер арасында кеден шектеулері болмауы тиіс.
KAZAKBOL.COM