Қазақстан Ресей ғарыш айлақтарының бас операторы «Жердегі ғарыш инфрақұрылымын пайдалану орталығының» мүлкін бұғаттады.
The Moscow Times басылымының Орыс қызметінің хабарына қарағанда, оған Ресей операторының «Бәйтерек» компаниясына (Қазақстан мен Ресейдің бірлескен компаниясы) 13,5 млрд теңге берешегі себеп болған. Бұл қарыз «Союз-5» зымыран тасығышының қоршаған ортаға әсерін бағалау жұмыстарына байланысты пайда болған.
«Қазақстан сот орындаушылары Ресей операторының Қазақстаннан материалдық құнды заттарды алып шығуына және оператор жетекшілерінің тергеу аяқталғанша республикадан кетуіне тыйым салған» деп жазады KZ24.
Ғарышты игеру бағдарламасын бірге жүзеге асыру үшін 2005 жылы Қазақстан мен Ресей бірлесіп, «Бәйтерек» кәсіпорнын құрған. Бағдарламада улы гептилмен ұшатын «Протон» зымыран тасығышының орнына экологиялық тұрғыдан залалсыз зымыран тасығыш пайдалануға көшу көзделген. Жаңа старт алаңын салу жоспарланғанымен, ол кейінге қалды.
KZ24 ақпараттық порталы Қазақстанның қатаң талапқа көшкені «Роскосмостың» жаңа басшысы Юрий Борисовтың Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинді сынағанына қатысы бар болуы мүмкін деп болжайды. Борисов оны «Қазақстан старт алаңының құрылысын жарты жылға кейінге қалдырды» деп сынаған. Мусин Борисовтың сынын «дипломатиялық қате» деп атаған.
KAZAKBOL.COM