Еліміздің бірнеше өңіріндегі әуежай маңына үйлер заңсыз салынған. Алматыдағы ұшақ апатынан соң зерттеу жүргізген сарапшылар осылай деп дабыл қағып отыр. Әуежай маңындағы құрылыстар мен ұшып-қону белдеулерінің арасы 100 метрге де жетпейді. Жаман айтпай, жақсы жоқ, оқыс оқиға бола қалған жағдайда, жауапкершілікті кім арқалайды? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Күні кеше Алматыда болған ұшақ апаты біздегі біраз түйткілдің бетін ашқан сыңайлы. Әуе кемесінің әуежай маңындағы құрылыс нысанына құлауы да біраз жайтқа тереңнен үңілуге мәжбүрлеп отыр. Мамандардың сөзінше, еліміздің кей өңірлерінде әуежай маңындағы елді мекендер ұшып-қону белдеуінен таяқ тастам жерде жатыр. Құрылыс нормалары бойынша, әуежайдан 4 шақырым аумақта құрылыс нысандарын тұрғызуға тыйым салынған. Нормасыз-ақ, логикаға салсақ та, қауіптің қыр астында екенін аңғару қиын емес. Бірақ оны елеп жатқан ешкім жоқ. Заңгердің сөзінше, Тараз, Атырау, Шымкент, Семей, Өскемен қалаларында әуежай маңдарындағы жерлер заңсыз үлестіріліп келген. БАҚЫТЖАН БАЗАРБАЙ, ЗАҢГЕР: «Тараз қаласында Құмшағал деген елді мекен, Құмшағалдың үйлері Тараз қаласының ұшып-қону белдеулерінен 100 метр қашықтықта. Ал аэропорттың аймағын алатын болсақ, аэропорттан бар болғаны 20-30 метр арасы. Авиациялық нормаларға сүйенсек, 4 км аймағында арнайы рұқсаты болуы керек. Санитарлық нормаларға сәйкес, 500 метр көлемінде ешқандай объектілер соғылуы тиіс емес». Бірақ соғылды. Шымкенттегі әуежайдың іргесінде тұтас бір шағын аудан жатыр. Алматыдағы әуе апаты осында қоныс тепкен тұрғындардың ұйқысын қашырған. Төбемізге әне-міне ұшақ құлап кететіндей күй кешіп жүрмкіз, дейді. ГҮЛШАРХАН ӘБУОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Қорқып қалдық қой. Үйіміз жақын аэропортқа. Енді үкімет бергеннен кейін алдық қой. 2008-2009 жылдары берді. Ол кезде естіген едік аэропортты басқа жаққа көшіреді деп». Әуежай қызметкерлерінің бұл шағын ауданға шүйлігіп отырғанына қарағанда, Шымкенттің әуежайы әзір көшпейтін сыңайлы. Экономика және талдау бөлімі мамандарының айтуынша, ұшу
жолағы маңындағы үйлер авиация ғана емес, инфрақұрылым талаптарын да өрескел бұзған. МӘДИ САҒАДАТҰЛЫ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘУЕЖАЙЫНЫҢ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ ТАЛДАУ БӨЛІМІ ЖЕТЕКШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Ол құрылысты салу үшін кез келген жеке немесе заңды тұлға, бірінші кезекте осында бір комиссия құрылған. Кез келген әуежайларда ондай комиссия бар. Сол комиссияға өтініммен шығады. Сол қорытынды негізінде азаматтық авияция жөніндегі уәкілетті органға шыға отырып, солардан рұқсат алады. Бүгінге дейін 22 өтінім қаралған. Осы күнге дейін. Енді ойлаңыз, басқа объектілер, басқа тұрғын үйлер қандай жолмен салынғандығы, былаша айтқанда заңсыз түрде салынғанның белгісі болып саналады». Санитарлық талаптар да ақсап тұр мұнда. Әуежай қызметкерінің сөзінше, ұшу жолағы маңында құстардың нөпірі көбейген. Ал қанаттылар әуе кемесінің сәтті ұшып-қонуына кедергі келтіретіні авиацияның жазылмаған заңы. МӘДИ САҒАДАТҰЛЫ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘУЕЖАЙЫНЫҢ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ ТАЛДАУ БӨЛІМІ ЖЕТЕКШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Біз мұнда құс фабрикасы бар екенін білеміз. Мүмкін, қоқыс орындары да бар шығар. Бұл құстар жайдан-жай бір жерге шоғырланбайды ғой. Ұшуға кедергі жасайтыны да белгілі. Біз әуежай аумағында құстардың жиналуына жол бермеуіміз керек». Ал Ақтөбенің сәулет бөлімі «4 шақырым аумақта құрылыс салуға болмайды» деген заң жоқ деп айды аспаннан бірақ шығарды. Бірақ әуежай маңындағы құрылыстардың заңды не заңсыздығын зерттеуді қолға алыпты. Сабақ болған тағы да сол, Алматыдағы ұшақ апаты. ИСЛАМ ІЗБАСҚАНОВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАЛЫҚ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «4 км ішінде құрылыс салуға болмайды деген заң жоқ. 4 км ішінде 50 метрге дейін объектілер болмауы керек. Бүгінгі күні тек қана реестр дайындап жатырмыз. Қандай объектілер 4 км ішіне кіріп кеткен. Енді қазір согласование алмаған объектілермен қазір қараймыз вообще кім алды, кім алмаған. құрылыс тоқтатты деп сондай бізде жоқ. Кімде рұқсат бар солар салып жатыр». 1996 жылы Сан-Паулуда Fokker 100 ұшағы көкке көтерілгеннен кейін небары 24 секунд ішінде әуежай маңына құлаған. Мұндай мысалдар жетерлік. Апат айтып келмейді емес пе? Жоғарыда атап өткен өңірлердің билігі дереу шара қабылдағанша, әуежай іргесінде қоныс тепкен тұрғындар қорқыныш құшағында өмір сүре бермек.
KAZAKBOL.COM