Ресей өкілінің Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) Батыс санкцияларына жауап әзірлеп жатыр деген мәлімдемесіне Қазақстан сыртқы істер министрлігі пікір білдірді.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің сайтындағы түсініктемеде: «2014 жылғы 29 мамырда қол қойылған Еуразия экономикалық одағы туралы шартқа сәйкес, бірлестікті құрудың мақсаты — тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында мүше мемлекеттер экономикаларының тұрақты дамуына жағдай жасау.
Қазақстан ЕАЭО шеңберіндегі интеграциялық процестер тек экономикалық сипатқа ие деген ұстанымды қолдайды. Өзіне тән емес функцияларды Еуразиялық интеграция органдарына беруге болмайтынын әрдайым қайталып айтып келеміз әрі біз бірлестікті саясиландыруға қарсымыз» делінген.
Бұдан бірер күн бұрын Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Панкин Батыстың санкцияларына Еуразия экономикалық одағының бірлескен жауабы пысықталып жатқанын айтқан.
«Үшінші елдердің ЕАЭО (елдеріне) қатысты достыққа бастамайтын санкциялық әрекеттеріне қарсы жауап шаралары күн тәртібіне қойылды, бұл мәселе қаралып жатыр және қарала бермек» деген Панкин.
АҚШ пен Еуропа одағы Украинаның Қырым түбегін аннексиялағаны және елдің шығысындағы сепаратистерді қолдағаны үшін, кейін оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды қамағаны үшін Ресейге бірнеше санкция салған.
Батыс елдері бейбіт наразылықты күшпен басып, адам құқықтарын таптағаны үшін Беларусь үкіметіндегі лауазымды тұлғаларға да санкция енгізді. Мамырда оппозициялық журналист мінген ұшақты күшпен бұрып әкеткені үшін Батыс елдері Беларусьті өткір сынап, АҚШ Беларусьтің мемлекеттік мекемелеріне санкция салды. Еуропа одағы да осы мәселені қарастырып жатыр.
2014 жылы құрылған Еуразия экономикалық одағына Ресей, Беларусь, Армения, Қазақстан және Қырғызстан кіреді. Қазақстандағы сарапшылар бұл одақ құрамында болудың экономикалық тұрғыда тиімсіз екенін жиі айтады.
KAZAKBOL.COM