Қазақстан мен Қытай ядролық материалдардың заңсыз айналымымен бірлесіп күреседі. Бейсенбі, 19 мамырда Қазақстан сенаты екі ел кеденшілерінің ядролық, радиоактивті материалдар мен қалдықтардың «заңсыз айналымымен бірігіп күресуіне мүмкіндік беретін» заңды мақұлдады.
Бұл жөнінде жергілікті ақпарат агенттіктері хабарлады.
«Бұл құжат ядролық, радиациялық қауіпті заттарды заңсыз өткізбеу мақсатында кедендік бақылау саласындағы тараптардың ынтымақтастығын кеңейтуге және тереңдетуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, қазіргі заманғы технологияларды енгізу мәселелері бойынша ынтымақтастық, бірлескен оқу-жаттығулар мен оқыту семинарларын өткізу ескерілген» деді қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Заң сонымен бірге екі елдің кеден бекеттерінде «радициялық бақылау жүргізуге, азаматтардың радициялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге» мүмкіндік береді деп айтылады.
Құжатқа сәйкес, радиация аясы белгіленген нормалардан асатын тауарлар мен көлік құралдарының тасымалдануына тыйым салынады.
Радиациялық бақылау тәртібін екі елдің кеден орган өкілдері мен оқу орталық мамандарынан құралған жұмыс тобы бекітеді.
Былтыр жергілікті ақпарат агенттіктері «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының екі уран кенішіндегі үлесін қытайлық China General Nuclear Power Corporation (CGNPC) компаниясына сатқанын хабарлаған.
Ізінше қараша айында Қазақстанда АЭС отынын шығаратын қазақ-қытай кәсіпорыны жұмысын бастағаны белгілі болды. Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауыт аумағынан ашылған кәсіпорын – индустриализация бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан 55 қазақстандық-қытайлық жобаның бірі.
KAZAKBOL.COM