Қазақстан сыртқы істер министрлігі Еуропарламенттің қаңтар оқиғасы бойынша қарарын “біржақты сипатқа ие” және “объективті емес тұжырымдарға негізделген” құжат деп атады.
Осы аптада Еуропарламент депутаттары Тоқаевтың қаңтардағы тәртіпсіздік кезіндегі «ескертусіз оқ ату» туралы бұйрығын, адамдардың «жосықсыз ұсталып», «азапталып жатқанын» айыптап, жауапты шенеуніктерге санкция салуды ұсынған.
“Қазақстан Республикасының басшылығы тапсырған ресми тергеп-тексеру нәтижелері жарияланғанға дейін мұндай құжаттарды қабылдау қисынсыз деп санаймыз. Оның нәтижелері халықаралық қоғамдастыққа ұсынылатынын тағы да растаймыз” делінген СІМ хабарламасында.
Ведомство хабарламасында Еуропарламенттің қаңтар оқиғасы бойынша Қазақстанның ресми орындарына немесе Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, «азаматтық қоғам институттарына» сұрау салмағанын да атап өткен. Ресми Нұр-Сұлтан Қазақстан “заңның үстемдігіне және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы өз міндеттемелеріне толықтай бейілді” деп жазған.
20 қаңтарда қабылданған Еуропарламенттің қарарында Қазақстандағы қаңтар оқиғасы қалай өрбігені сипатталып, 27 тармақтан тұратын мәлімдеме жасалған. Оның ішінде құқық қорғау ұйымдарды саяси себеппен қудамалау, адамдардың бейбіт жиналуына кедергі келтірмеу, жосықсыз ұстау мен азаптауды доғару, адам құқығына қарсы қылмыстарға жауаптыларға жеке санкция салу секілді талаптар бар.
Еуропарламент – Еуропалық одақтың заң шығарушы органы. Оның қарарларының Қазақстанда құқықтық күші жоқ. Бірақ Еуроодақ пен Қазақстанның тығыз қарым-қатынасы тұрғысынан ондай құжаттар елеусіз қалмайды.
Қазақстан қаңтар оқиғасы бойынша бірінші рет сыналып отырған жоқ. 12 қаңтарда БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі сарапшылары Қазақстан билігінің «наразыларға пәрменді күш қолдануын» айыптап, жағдайды тәуелсіз зерттеуге шақырған. Amnesty International Нұр-Сұлтанды адам құқығының бұзылғаны жөнінде хабарламалардың барлығын жан-жақты тексеріп, адам құқығын құрметтеуге үндеген.
2 қаңтар күні Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауынан туған наразылық санаулы күнде Қазақстанның өзге аймақтарына тарап, арты тәртіпсіздікке ұласты. Билік ҰҚШҰ күштерін шақырып, ел президенті күш құрылымдарына ескертусіз оқ атуға рұқсат берді.
Билік қаңтар оқиғасының салдарынан кемінде 227 адамның қаза болғанын хабарлады. Бірақ қаза тапқандардың аты-жөні жарияланбады. Құқық қорғаушылардың айтуынша, қаза болғандар, жараланғандар және ұсталғандар арасында қылмыс жасамаған тұрғындар бар. Бұған дейін оқ тиген адамдар арасында әйелдер мен балалар, наразылыққа еш қатысы жоқ тұрғындар бар екені айтылған.
Билік қақтығысқа «сырттан ұйымдастырылған террористер» жауапты дейді, бірақ әлі күнге дейін бұл тұжырымына нақты айғақ келтірмей отыр.
KAZAKBOL.COM