Биыл 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында өтетін ұлттық халық санағында тұрғындардың саны ғана емес, ұстанатын діні, шет тілді білуі мен шетелге көшу жоспарының бар-жоғы туралы мәліметтер сұралады.
Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов хабарлады.
— Халықаралық ұйымдардың талабымен санақ кезінде тұрғындарға мүгедектігі бар-жоғына қатысты, діні туралы, тіл білуі жайлы сұрақтар болады. Сондай-ақ “шет тілін үйрену жоспары бар ма?”, “басқа елге көшуді қалай ма?” деген сұрақ да қосылды. Бұл – әлемдегі миграциялық процесті білу үшін қажет мәліметтер, — деді Азаттыққа Айдапкелов 17 тамыздағы брифингте.
Ұлттық статистика бюросының басшысы санақ кезінде тұрғындардың табысы, жұмыспен қамтылуы, неке жағдайы, білім деңгейі, бала туу жиілігі мен отбасы құрылымы да анықталады. Айдапкеловтің айтуынша, қазір деректер базасында мұндай мәліметтер толық емес.
Былтыр жоспарланып, бірақ коронавирус пандемиясына байланысты биыл өтіп жатқан ұлттық халық санағына мемлекеттік бюджеттен 9,1 млрд теңге бөлінген. Статистика бюросының мәліметінше, бұл қаржының жартысы санаққа дайындық кезеңінде жұмсалған. Яғни, интервьюерлерге арнап планшеттер алынған, пилоттық санақ өткізілген, сайт жасалған.
Ұлттық санақта Қазақстанда заңсыз жүрген азамат та есепке алынады.
— Егер біз барған үйден елде заңсыз жүрген азаматты анықтасақ, ол да есептеледі. Олардың статусына қарамаймыз. Біз азаматтың заңды не заңсыз жүргенін тексермейміз, біздің мақсатымыз, елде жүрген азаматтар туралы ақпаратты алу. Статистиканың принциптері бойынша, халық санағындағы ақпарат басқа жаққа берілмейді, тек қорытынды шығару үшін пайдаланылады, – деді ұлттық статистика бюросының басшысы.
Халық санағын жүргізу үшін коронавирусқа қарсы екпе салдырған 32 313 адам уақытша жұмысқа орналасқан. Оларға 104 000 — 125 000 теңге аралығында жалақы қарастырылған.
Қазақстанда сынақ он жылда бір рет өтеді. Бұған дейінгі санақ 2009 жылы өткен еді. Санақ қорытындысы бойынша елдегі халық саны 16 миллион 9 мың болған.
KAZAKBOL.COM