Қазақстанда жаңа үш облыс құрылады. Шығыс Қазақстан облысының Семей аймағында – Абай облысы, Қарағанды облысының Жезқазған өңірінде – Ұлытау, Алматы облысы аумағында Жетісу облысы құрылады.
Абай облысының орталығы – Семей, Ұлытау облысының орталығы – Жезқазған, Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласы болады.
16 наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мәлімдеді.
– Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады. Осы мәселені аймақ тұрғындары көптен бері айтып жүргенін білемін. Қазір ол жақта шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Мысалы, аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған, – деді Тоқаев.
Ол Жезқазған өңірі жөнінде «бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім» деп атап өтті. Ал Алматы облысының әкімшілік-территориялық аумағын өзгерту жөнінде:
«Алматы агломерациясына қатысты түйткілдер көп. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, Алматы облысын екіге бөлуді ұсынамын. Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек. Ал Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады» деді.
Ол «халық Қапшағай қаласына Дінмұхаммед Қонаев атын беруді ұсынса» қолдайтынын да жеткізді.
KAZAKBOL.COM