Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жол құрылысы жобасы жақында жүзеге аса бастайды.
Қытайдың Қырғызстандағы елшісі Ду Дэвэньмен кездескен қырғыз премьері Ақылбек Жапаров осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, осы жобаны жүзеге асыру ісі ілгері жылжып келеді.
Жүздесуде Ду Дэвэнь темір жол құрылысы жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалып жатқанын хабарлады. «Елші Ду Дэвэнь қытай жағы қырғыз-қытай мемлекеттік шекарасындағы бақылау-өткізу бекетінің жұмыс істеу уақытын тамыздан 31 қазанға дейін екі сағатқа созу туралы шешім қабылдағанын жеткізді», — делінген үкімет мәліметінде.
Бұның алдында Қырғызстан президенті Садыр Жапаров темір жол құрылысына қатысты құжаттарға Шанхай ынтымақтастық ұйымының қыркүйекте Өзбекстанда өтетін саммиті аясында қол қоюды ұсынған.
Қырғыз басшысы Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жол құрылысы 2023 жылы басталып, үш-төрт жылда аяқталады деп мәлімдеген.
Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жолын салу туралы бастама 2000-жылдардың басында жиі көтерілді, бірақ осы күнге дейін жүзеге аспай келді.
KAZAKBOL.COM