Қырғызстан үкіметі еліне келушілерге коронавирустың бар-жоғын анықтайтын ПТР тест тапсыруды міндеттеді.
Бұл 1 желтоқсаннан бастап күшіне енеді. Мұндай шешім коронавирустың «Омикрон» штамы пайда болғаннан кейін қабылданған.
Алғашқы зерттеулерге қарағанда жаңадан пайда болған «Омикрон» штамы бұрынғы штамдардан әлдеқайда тез жұғуы, оған вакцина да қарсы тұра алмауы мүмкін.
Марокко билігі жолаушылар таситын әуе рейстерін тоқтатты. «Омикрон» штамы шықпаса да көптеген елдер, оның ішінде АҚШ пен Ресей де бар, «Омикрон» пайда болған Африканың оңтүстігіндегі мемлекеттермен әуе қатынасын шектеді.
Оңтүстік Африка республикасының билігі «біздің ғалымдарымыздың жаңа штамды анықтағаны үшін кінәлі боп қалдық» деп мұндай тыйымдарға наразылық білдірді.
Жаңа штамм ОАР мен Ботсванадан ғана емес, Ұлыбритания, Израиль, Австралия, Гонконг және Еуропа одағының бірқатар елдерінен де шықты. Жексенбі күні ОАР-дан Нидерландыға ұшып келген 600 жолаушыны тексергенде 13-інен «Омикрон» штамы табылған.
Медиктер мен вирусологтар «Омикрон» бұрынғы штамдардан қауіпті ме, әлде олардан жеңілірек пе, оған вакцина әсер ете ме, жоқ па деген мәселеге байланысты әзірге нақты қорытынды жасаған жоқ. Ол үшін әлі де бірнеше апта керек. ОАР-дан жеткен алғашқы мәліметтерге қарағанда, бұл штамм бұрынғыларынан өзгерек.
KAZAKBOL.COM