Қырғызстан мәдениет, ақпарат және жастар саясаты жөніндегі министрлігі ресейлік рэпер Моргенштерннің Бішкектегі концертіне тыйым салу мақсатында «шара қолданып жатыр».
Парламенттегі «Ата-Жұрт Қырғызстан» депутаттық фракциясының отырысында министр Алтынбек Мақсұтов осылай деп мәлімдеді.
Жиналыста депутат Әлішер Козубаев Моргенштерннің жастарға әсер етуі мүмкін екеніне алаңдаған.
«Біз Моргенштернге қатысты жұмыс істеп жатырмыз. Тапсырма берілді. Ғимарат басшылығымен сөйлестік. Ойымыз бір жерден шықты. Өйткені Моргенштернге қарсы Ресейде қылмыстық іс қозғалған» деп мәлімдеді мәдениет министрі Мақсұтов.
Бішкекте 23-24 маусымда Bishkek Arena ғимаратында Alga Fest музыкалық фестивалі өтеді. Оған жергілікті және шетел әртістері қатысады. Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, бірінші күні ресейлік рэпер Моргенштерн сахнаға көтеріледі.
Әлішер Моргенштерн Ресейде «шетел агенттері» тізіміне енгізілген. 2021 жылғы күзден бері ол Ресейден тыс жерде тұрып жүр. Ресей Украина аумағына басып кірген уақытта рэпер соғысқа қарсы екенін мәлімдеген. Әншінің YouTube-дегі арнасына 12 млн адам жазылған.
KAZAKBOL.COM