Қырғызстан ұлттық банкі 29 қарашада Баткен және Ош облыстарының биыл қыркүйекте шекарадағы жанжалда зардап шеккен тұрғындарының несиелерін кешіру мәселесіне қатысты есеп берді.
24 қарашадағы мәлімет бойынша, банкке 474 арыз түскен, солардың негізінде 19 млн 538 мың сомның 287 несиесі кешіріліп, 36 млн 487 мың сомның 155 несиесі қайта қаралды.
Ұлттық банктің хабарлауынша, қаржы-несие ұйымдары түскен арыздардың бәрін қарап, соған сәйкес шара қолданады.
14-17 қыркүйекте Қырғызстан мен Тәжікстан қарулы күштері арасында ауқымды қақтығыс болды. Соның салдарынан Қырғызстанның 63 азаматы мерт болып, 200-ден астам адам жараланды. Тәжікстанмен шекаралас аудандардың 130 мыңнан астам тұрғыны қауіпсіз аймақтарға көшуге мәжбүр болды. Қырғызстан мен Тәжікстан үкіметтері шекарада қарулы агрессия көрсетті деп бір-бірін айыптады.
Тәжікстан сыртқы істер министрлігі шекарадағы жанжалдан 41 адам опат болғанын хабарлады. Азаттықтың Тәжік қызметі Қырғызстанмен шекарадағы қарулы жанжалда өлген 81 адамның тізімін жариялады.
Арнайы комиссия шекарадағы қақтығыстан 3 млрд 130 млн сом шығын келгенін анықтады. Қырғыз үкіметі зардап шеккен аудандарға 6-8,5 млрд сом бөлінетінін мәлімдеді.
KAZAKBOL.COM