Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің (ҰҚМК) шекара қызметі интернетте тараған видео бойынша түсініктеме берді.
Онда жазылғандай, 14 мамырда қырғызстандық шекарашылар қырғыз-тәжік шекарасынан алыс емес жерде тәжік азаматына тиесілі үйдің өртеніп жатқанын байқаған. Тәжікстандық шекарашылармен телефон арқылы байланысқан кезде олар сөндіріп жатқанын, қауіпсіздік үшін қырғызстандық шекарашыларды алысырақ алып кетуін сұраған.
15 мамыр күні Баткен ауданындағы Қара елді мекенінде қырғыз-тәжік шекарашылары және ауыл басшылары кездескен. Онда тараптар шекараға жақын аймақтардағы ағаштардың кесіліп жатқаны туралы тәжік ақпарат құралдарында жазылып жатқан хабардың рас-өтірігін талқылаған. Тәжік тарапы бұл туралы нақты мәлімет бере алмаған.
Осыған байланысты Қырғызстанның арнайы қызметі Тәжікстанның ресми органдарын шекарадағы өрт туралы деректі зерттеп, өрт туралы жалған мәліметтердің таратылуына жол бермеуге шақырған.
Интернетте 16 мамырда Тәжікстанның Исфара ауданындағы Қырғызстанмен шектесетін ауылдағы үй өртеніп, оған қырғызстандық шекарашылардың қатысы бар-мыс деген мәлімет тараған.
Тәжік-қырғыз шекарасындағы қақтығыс 28-29 сәуірде болды. Тәжік билігі 6 мамырда ғана шекарадағы жанжалда 19 адам қаза тауып, 87 адам жараланғанын хабарлады.
Қырғыз жағының мәліметінше, шекарадағы жанжалда Қырғызстанның 189 азаматы жараланып, 36 адам қаза тапқан. Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 1-2 мамырды ұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Тәжікстан мен Қырғызстан мемлекеттік шекараны анықтау жұмысын 2002 жылы бастаған. Екі ел арасындағы 976 шақырымдық шекараның 504 шақырымының ғана мәртебесі анықталған.
KAZAKBOL.COM