Қытай басшысы Си Цзиньпин алдағы үш жылда Орталық Азия елдерінің экономикасы мен қауіпсіздігін нығайтуға көмек ретінде 500 млн доллар қаржы бөлетінін мәлімдеді.
Пекин мен Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынастың 30 жылдығына арналған 25 қаңтарда өткен онлайн саммитте Си Цзиньпин осылай деп мәлімдеді. Жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан басшылары да қатысты.
Си Цзиньпиннің айтуынша, аталған қаражат «халықтың тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ететін» жобаларға жұмсалады.
Қытай басшысы сонымен бірге биыл коронавирусқа қарсы вакцинаның 50 млн дозасын Орталық Азияның бес еліне көмек ретінде беретінін айтып, Пекиннің екпе өндіру технологиясын аталған елдерге көшіре алатынын жеткізді.
Қытай Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасты нығайтуға тырысады, бірақ Мәскеудің пост-советтік елдерді «ықпал ету аймағы» ретінде қарастыруынан секем алған.
KAZAKBOL.COM