Site icon KAZAKBOL

Ұлттық банк Назарбаевтың бейнесі бар 20 мың теңгелік банкнотты айналымға шығарды

Қазақстанда елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген номиналы 20 мың теңгелік жаңа банкнот айналымға шықты.

Ұлттық банк мұны «Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған» шара деп сипаттағанымен, ақпарат елдегі өзге мемлекеттік мереке – тұңғыш президент күні жарияланып отыр.

20 мың теңге – Қазақстан ұлттық валютасының номиналы ең үлкен банкноты. Құны – шамамен 46 АҚШ доллары. Қазір жаппай айналымда жүрген басқа номиналды теңгелерде адам портреті жоқ.

Банкноттың бет жағында 2019 жылы қызметінен кеткен экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың голографиялық бейнесімен қоса, Нұр-Сұлтандағы «Қазақ елі» монументі, «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы, қазақтың ұлттық өрнегінің фрагменті бейнеленген.

Теңгенің сыртқы бетінде Назарбаевтың портреті, Нұр-Сұлтан қаласының және президент резиденциясы – Ақорданың панорамалық көрінісі, Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы белгісі бар.

Банкноттың екі бетінде де «жиырма мың теңге» деген жазу қазақ тілінде латын қаріптерімен жазылған.

Ұлттық банктің хабарлауынша, жаңа банкнотты «Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төлемдердің барлық түрі бойынша нақты құны бойынша қабылдауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының барлық банктерінде банктік шоттарда аударуға, ұсақтауға және айырбастауға» болады.

Бұл Назарбаевтың бейнесі бар алғашқы банкнот емес. Ұлттық банк экс-президенттің суреті салынған 10 мың теңгелік алғашқы мерейтойлық банкнот 2016 жылы шығарылғанын және ол Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналғанын еске салады.

Мерейтойлық банкноттың қандай көлемде шығатыны нақтыланбаған.

Источник

Exit mobile version