Ал, Қарағандыда безбүйрек ана мен өгей әкесі 7 жастағы ұлын көгала қойдай қылып сабап тастады. Ауыр соққы алған жеткіншек шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызылыпты. Басқа қалада тұратын туған әкесі әділдік іздеп заң органдарының табалдырығын тоздырып жүр. Ал, оқиғаға кінәлілер жазаланды ма? Науқастың қазіргі жағдайы қалай? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Бұл жаға ұстатарлық суреттер 7 жастағы Ярослав ауруханаға жеткізілген бетте түсірілген. Үсті басының сау тамтығы жоқ. Бет аузы, денесі, аяғы бәрі жырылған. Әкесінің сөзінше, мұндай айуандық әрекетке ұлының анасы мен өгей әкесі барған.
РУСЛАН ЖҮСІБАЕВ, ЗАРДАП ШЕККЕН БАЛАНЫҢ ӘКЕСІ:
«Бұл бірінші жағдай емес. Бұған дейін де бұрынғы әйелім анасына хабарласып, баланы алып кетуін өтінген. Себебі, жалғыз ұлы оның жеке өміріне кедерге келтіреді екен. Бұрынғы енем немересінің денесіндегі жарақатты көріп, маған хабарласты. Күн құрғатпай аямай ұрады екен .
Оқиға мұнымен бітпейді. Бұған дейін де бала анасынан таяқ жеген көрінеді. Оны сезген туған әкесі бұрынғы әйелін сотқа біргенімен, онда келіншегінің ұрғанын дәлелдей алмапты. Сондықтан, перзентінің тағдырына алаңдаған әке «безбүйрек ананы» ата-ана құқығынан айыруды сұрап отыр.
РУСЛАН ЖҮСІБАЕВ, ЗАРДАП ШЕККЕН БАЛАНЫҢ ӘКЕСІ:
«Перзентім үшін осыған дейін де соттасқанбыз, ол кезде ұрғанын дәлелдей алмадым. Енді, бұрынғы әйелім ата-аналық құқығынан айырылуы тиіс. Баламның өміріне алаңдаймын, өзіммен бірге алып кеткім келеді. Қазір, күйеуімен екеуі Ярославты маған көрсетпейді, сөйлестірмейді де. Үйіне барсам, есіктерін ашпайды».
Шешесінен теперіш көрген бала дереу дәл осы клиникалық ауруханаға жеткізілген. Түскен бетте жағдайы ауыр болғанын ақ халаттылар да растап отыр. Өміріне қауіп бар деген күдікпен жан сақтау бөліміне жатқызылыпты. Періштесі қағып, бір өлімнен аман қалған баланың беті қазір бері қарап келе жатыр, — дейді дәрігерлер.
АРҒЫН БИДАЙБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:
«Біздің ауруханаға түскенде балада құрысу белгілері байқалды. Науқасты дереу педиатр дәрігерлер толық қарап шықты. Мамандар жағдайын тексере келе баланы жан сақтау бөліміне жатқызу туралы шешім қабылдады. Бірер күн ем-дом жүргізілген соң беті бері қарап неврология бөліміне ауыстырылды».
Ең сорақысы, жансақтау бөлімінде жатқан баласын дәрігерлерден «өміріне өзім жауап беремін» деп анасы үйіне алып кеткен. Полиция қызметкерлері пәтеріне барғанда олар есікті ашудан, науқасты беруден үзілді-кесілді бас тартыпты. Мәмілеге көнбеген соң, тәртіп сақшылары төтенше жағдай мамандарын шақырып, есікті бұзып кіруге мәжбүр болғандарын айтады.
ЖАНСАЯ ЖҮНІСОВА, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ОКТЯБРЬ АУДАНДЫҚ ЮВЕНАЛДЫ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
«2012 жылы туылған жеткіншек балалар ауруханасына ауыр жағдайда түскен. Жеткізілгенде үсті басынан көгерген, соққылардың ізі байқалған. Аталған іс бірыңғай тіркеу базасына енгізілді. Бірақ, ертесіне перзентінің жағдайы ауыр екенін біле тұра анасы оны медициналық мекемеден алып кеткен. Баланың туған әкесі полиция бөліміне шағымданып, бұрынғы әйелін ата-ана құқығынан айыруды талап етіп отыр».
Баланы сабады деген күдікпен қазір баланың анасы мен өгей әкесі полиция бөлімшесіне жеткізілген. Ал, перзентінің денсаулығына алаңдаған туған әкесі болса ұлын өзінің атына аударып, басқа қалаға алып кетуді жоспарлап отыр.
KAZAKBOL.COM