Өзбекстан Қытайға газ экспорттап жатыр, деп хабарлады Eurasianet.org. Республика жыл басында ішкі сұранысты өтеу үшін газды сыртқа шығаруды уақытша тоқтатқан.
Үкімет газды шетелге шығаратыны туралы хабарлаған жоқ. Алайда Қытай мәліметтерінен Ташкенттің Орталық Азия-Қытай құбырымен газ экспорттап жатқанын байқауға болады. Түркіменстаннан басталатын бұл құбыр Өзбекстан мен Қазақстан арқылы Қытайға барады.
Қытайдың бас кеден басқармасы мәліметінше, Өзбекстан Қытайға биыл алғашқы төрт айда 132,8 млн долларға газ экспорттады, деп хабарлады ресейлік Neftegaz.ru порталы. Нақты қанша газ экспортталғаны хабарланбады.
Түркіменстан қаңтар-сәуір айларында Қытайға 2,87 миллиард долларға газ сатқан. Қазақстанның Қытайға экспорты $270,6 млн болған.
Биыл Ташкент 3,3 миллиард текшеметр газ экспорттауды жоспарлап отыр. 2019 жылы республика шетелге 12,2 миллиард текшеметр газ сатқан.
KAZAKBOL.COM