Өзбекстанда Хорезм соты «контрабандамен айналысты» және «тәртіпсіздік ұйымдастырды» деп айыпталған ақын, журналист Махмуд Раджабты екі жыл үш айға шартты жазаға кесті. Сот Раджабты екі эпизод бойынша кінәлі деп тапты.
2019 жылы сәуір айында Түркиядан оралған ақыннан шекарашылар бірнеше кітапты кәмпескелеген. Осыдан кейін оған контрабанда бойынша айып тағылды.
Қыркүйек айында Раджаб және оның жақтастары ішкі істер министрлігінен істі жабуды талап ету мақсатында Хорезмнен Ташкентке қарай жаяу жолға шыққан еді. Алайда полиция жолай маршты тоқтатып, Раджаб пен оның жақтастарын, туыстарын ұстады.
Ұсталғандар «қоғамдық акция өткізу ережесін бұзды» деп айыпталып, әрқайсысы он күннен қамалып шықты. Солардың бірі ағылшын тілінің мұғалімі, блогер Насофат Оллошукурованы сот жақында күшпен облыстық психиатриялық ауруханаға жіберді. Қазан айында халықаралық «Журналистерді қорғау комитеті» (Committee to protest journalists) Өзбекстан билігін блогерді босатуға шақырған.
KAZAKBOL.COM