Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі тәліптерден қашқан ауған босқындарына шекара ашылады деген мәліметті теріске шығарды.
Бұл жөнінде Reuters Германияның сыртқы істер министрі Хайко Маастың Өзбекстан сыртқы істер министрі Абдулазиз Камиловпен кездескеннен кейінгі сөздеріне сілтеме жасап хабарлайды.
30 тамызда Хайко Маас Ташкентте әріптесі Абдулазиз Камиловпен кездескен.
Reuters мәліметінше, Германия Ауғанстаннан шығару керек тағы он мыңдаған азаматты анықтаған. Олардың ішінде неміс азаматтары, құқық қорғаушылар мен журналистер бар.
«Қауіпсіздік мақсатында өзбек-ауған шекарасы толық жабық. Жақын уақытта шекара ашылу жоспарда жоқ», — деп мәлімет таратқан Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі.
Соңғы 12 күн бойы Өзбекстан Ауғанстаннан азаматтарды үшінші мемлекетке эвакуациялауға көмектесіп, өз азаматтарын да шығарып алған.
СІМ Өзбекстан ауған босқындарын өз жерінде қабылдамайтынын жеткізді.
«Өзбек тарабы Ауғанстанмен көршілес әрі достық қарым-қатынастың сақталуын қолдайды, мемлекеттің ішкі ісіне араласпайтынын қайталап айтамыз», — делінген хабарламада.
KAZAKBOL.COM