Сох ауданындағы «Навобод» махалласы аумағында салынған жаңа әуежай сынақ ретінде алғашқы рейсті қабылдады, деп хабарлады 1 қарашада Ферғана облысының әкімшілігі.
Әуежай құрылысы биыл қазан айының ортасында аяқталып, жақында сынақтан өтетіні жарияланған.
Мәліметтерге қарағанда, Humo Air компаниясының Ан-2П жолаушы ұшағы Ферғана халықаралық әуежайынан сағат 12:30-да ұшып шығып, Сох әуежайына 13:10-да қонған.
Сох әуежайының құрылысына мемлекет бюджетінен 6,8 миллиард сум (шамамен 640 мың доллар) бөлінді.
Өзбекстанның 350 шаршы шақырым аумағы бар Сох ауданын Қырғызстанның Баткен облысының аумағы толықтай қоршап жатыр. Бұл ауданға бару үшін Қырғызстан аумағынан шамамен 20 шақырым жүріп өту керек.
Сох-Риштан жолы 2013 жылы Қырғызстан мен Өзбекстан шекарасындағы жанжалдан соң жабылды. Бұл жол биыл сәуірде жолаушы тасымалына ғана ашылды, жүк көліктеріне әзірге рұқсат берілмеді.
Сох ауданымен шекаралас жатқан ауылдар тұрғындарымен арада жанжал жиі болып тұрады. Былтыр мамыр айында Қырғызстанның Чечме ауылы мен Өзбекстанның Чашма ауылының тұрғындары жанжалдасып қалды. Олар бұлақты бөлісе алмаған. Соның салдарынан екі ел арасындағы шекара жабылып, Сох тұрғындары блокадада қалып қойды.
Осы жанжалдан соң Өзбекстан билігі Сох ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуын қолға алып, әуежай құрылысын бастап кетті.
KAZAKBOL.COM